Инвестиция, алтын, зияткерлік меншік: Қазақстандықтар табысты қайдан тауып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Жалпыға бірдей декларацияның 3-ші кезеңінің қорытындысы жарияланды. Қазақстандықтардың қандай активтері мен жеке мүліктері бар? Ол туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың табыстарын әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.
«800 мың адам жалпы сомасы 17 097 млрд теңге қолма-қол ақша қаражатын көрсетті, 18 853 адам Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тіркелген жылжымайтын мүлік объектілері барын растап декларация тапсырды. Сонымен қатар 6 656 адам Қазақстан Республикасынан тыс жердегі көлік құралдарын көрсетіп, 9 521 адам азамат шетелдік банктердегі банк шоттары бар екенін көрсетті», - деді Ерсайын Көптілеуұлы ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Кірістер комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, 22 671 қазақстандық дебиторлық және кредиторлық берешегін, оның ішінде елден тыс жерлерде 4 939 адам сенімгерлік басқаруға берілген мүлік объектілері барын растаған. Сонымен қоса 4 031 адамның Қазақстаннан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталы бар болып шықты.
«16 979 азамат тұрғын үй құрылысындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде үлесі барын көрсеткен. 5 406 адам инвестициялық алтынның бар екенін растады. Одан бөлек, 26 184 қазақстандық елде және одан тыс жерлердегі 65 238 бағалы қағазын ұсынды. 5 779 отандасымыздың 7 197 инвестициялық пай қоры бар. Сол сияқты 4 685 адамның Қазақстанмен одан тыс жерлерде 8 509 зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері анықталды. Тағы бөлек декларацияда 42 794 ел азаматының Қазақстан мен оның аумағынан тыс жерлерде 1000 АЕК-тен асатын мүлік объектілерін көрсетті», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2024 жылғы 27 қазандағы жағдай бойынша 2,1 млн адам декларация тапсырды.