Инвестициялар: 2024 жылға перспектива, трендтер және тәуекелдер

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстанға құйылатын инвестицияны 2029 жылға қарай 150 миллиард долларға жеткізуді тапсырды. Бұл мақсатқа қалай жетеміз және оны сарапшылар қалай бағалайды, биыл елдің инвестициялық белсенділігі, тенденциялары мен тәуекелдері қандай? Толығырақ Kazinform сарапшысының материалынан оқи аласыз.

доллар
Фото: Kazinform

Қазақстанға кім инвестиция салады?

2022 жылы Қазақстан 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартып, рекорд жаңартты (2012 жылдан бергі рекорд – ред.). Тартылған инвестиция көлемінің шамамен үштен бірі Нидерландыдан (8,3 млрд доллар), тағы үштен бір бөлігі АҚШ-тан (5,1 млрд доллар) пен Швейцариядан (2,8 млрд доллар) келді.

инвестор
Фото: Kazinform

Инфографика жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағынын және соңғы жылдары ең көп инвестиция тартылған секторларды көрсетеді.

инфографика
Фото: Kazinform

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ деректеріне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуда айтарлықтай серпін болды. Атап айтқанда, осы салаға салынған инвестиция өткен жылғы жалпы инвестицияның 20% құрады, бұл бұрынғы 10% шектен айтарлықтай жоғары.

2023 жылы Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай тартылған инвестиция көлемін 150 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды. 2005 жылдан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстанға жалпы ТШИ ағыны $402,7 млрд болды. 2017-2022 жылдар аралығындағы тікелей шетелдік инвестицияның динамикасына қарасақ, осы кезеңдегі ТШИ жалпы көлемі $138 031 млрд болды. Осыған сәйкес, сарапшылардың пікірінше, алдағы 6 жылда 150 миллиард доллар тарту қиынға соқпайды.

Мемлекеттің инвестициялық саясатында не өзгерді?

2023 жылғы 5 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды, онда инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кеңейтілген өкілеттіктері айқындалды (Инвестициялық штаб – ред.). Енді Инвестициялық штаб Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабына сәйкес заң күші бар және Үкімет қабылдайтын уақытша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлей алады.

Демек, штабтың өкілеттігіне орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауы міндетті шешімдерді қабылдау жатады. Оларды тиiсiнше орындамағаны үшiн штаб Президентке тәртiптiк жаза қолдану туралы, оның iшiнде қызметiнен босату сияқты шаралар қолдану жайлы ұсыныстар енгiзуге құқылы.

Бұл ретте инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асыруға енді Инвестициялық штабтың төрағасы мен мүшелеріне жеке жауапкершілік жүктеледі. Инвестициялық штаб тоқсанына кемінде бір рет Мемлекет басшысына атқарылған жұмыс туралы есеп беруге міндетті.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Стратегия және цифрлық даму департаментінің директоры Шыңғыс Ибрагимов бұл түзетулер еліміздің шетелден инвестиция тартуға деген көзқарасында айтарлықтай өзгеріс болғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы қол қойған жаңа жарлыққа сәйкес, Кеңеске кеңейтілген өкілеттіктер, атап айтқанда, ел экономикасын ынталандыруға бағытталған түрлі жобаны жүзеге асыруды жеделдету бойынша өкілеттіктер берілді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл енді Кеңес аясында инвестиция тартуда нақты нәтижеге жету үшін орталық, жергілікті атқарушы органдардың да басшыларына жауапкершілік жүктелгенін білдіреді. Инвестицияларды ынталандыру кеңесінің қызметін қадағалау енді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді, – деді Шыңғыс Ибрагимов Kazinform тілшісіне.

Бұған дейін мемлекетте жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіретін жүйелі проблемалар болған.

Қиындықтар жобаны жүзеге асыру кезеңінде, яғни жергілікті атқарушы органдарға арнайы экономикалық аймақтарда жер телімдерін бөліп, қажетті инфрақұрылымды, техникалық жағдайды қамтамасыз ету міндеті жүктелген кезде басталған еді. Осы және басқа да мәселелер Инвестициялық штабта өткен кездесулерде көтерілді. Бұрын штабтың шешімі кеңес ретінде болатын. Бұдан былай реформа мәжбүрлі түрде орындау міндетті мәртебесіне ие болады, –деді спикер.

Реформа жобаны іске асыру үдерісін жеделдетіп, инвесторлар үшін талап етілетін қадам санын қысқартуы керек.

Біз жасалып жатқан ондаған жаңа жобаға реформаның оң әсерін көрдік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа инвестициялық жобаларды үш жылға салықтан босату жоспары да алдағы ілгерілеуге сеп болмақ, – деді Шыңғыс Ибрагимов.

Елдегі инвестициялық үрдіске геосаяси жағдайлар қалай әсер етеді?

Шыңғыс Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайлар елдің инвестициялық трендтерін қалыптастырады.

Дүние жүзіндегі көптеген геосаяси факторға, соның ішінде аймақтық қақтығыстарға байланысты трансконтиненталдық жолдардың, маңызды пайдалы қазбалардың және басқа да стратегиялық шикізаттың ролі айтарлықтай артты. Қазақстанның Еуразияның орталығында орналасуы және табиғи ресурстардың қомақты қоры, сондай-ақ жаңартылатын энергияны дамыту әлеуеті бірінші орынға шығады. Осыған байланысты еуропалық және азиялық серіктестер тарапынан қызығушылық артып жатыр, – деді маман.

Бүгінде өндірісін біздің елде ашқысы келетін инвесторлар ағыны көбейіп келеді.

– Біз компанияларды Қазақстанға көшіру жұмысын 2022 жылдың сәуірінде бастадық және әлі де жалғастырып жатырмыз. Талдау жүргізіп, экономиканың басым салаларындағы 38 елдің ірі компанияларының тізімін жасадық. Басты назарымыз брендтерге емес, өндіріс орындарына бағытталған. Қазір 80 компания көшеді деген нәтиже бар, оның 41-і 2022-2023 жылдары бұл процесті аяқтады, қалғандары белсенді түрде зерттеліп жатыр. Жобалардың жалпы құны шамамен 1,5 миллиард долларды құрады, – деді Стратегия және цифрлық даму департаментінің директоры.

Спикердің атап өтуінше, олардың арасында Wabtec, Microsoft Corporation, Wika және Honeywell сияқты компаниялар бар.

Wabtec өзінің аймақтық кеңсесін ауыстырып, локомотив пен бөлшектерді өндіру жобасын жүзеге асыруға кірісті. Microsoft корпорациясы Қазақстанда көп аймақтық хабтарды ашты, Wika мұнай-газ саласына арналған құрал-жабдықтарды шығаруды іске қосты, ал Honeywell аймақтық кеңсесін Алматыға көшіріп, Қазақстанның бірнеше өңірінде өндіріс орындарын ашты, – деп атап өтті Шыңғыс Ибрагимов.

Қазақстанда инвесторлар үшін қолайлы бизнес-климаттың барлық аспектісіне – әкімшілік кедергілерді азайтуға және рәсімдерді жеңілдетуге, кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсартуға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) және Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) құрылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы АХҚО шетелдік капиталдың келуін ынталандырады деп бірнеше рет атап өтті. Еске сала кетейік, АХҚО бизнес қауымдастығы мен қаржы институттарына ЕАЭО және Орталық Азия нарығына шығуға мүмкіндік береді. Орталық инвесторларға Қазақстанның және аймақтағы басқа елдердің мемлекеттік және жеке эмитенттерінің бағалы қағаздарын, сондай-ақ әртүрлі көлемдегі: «Белдеу және жол» бастамасы сияқты ірі жобалардан бастап, шағын IT-стартаптарға дейін бизнес-жобаларды ұсынады . АХҚО тартылған инвестиция көлемі – $10 млрд. Егер 2022 жылы онда 64 елден 1400 компания тіркелген болса, қазір олардың саны екі есеге жуық өсті – 78 елден 2300-ден астам компания бар. 

шетел
Фото: Kazinform

Инвестициялық қызметпен ел аумағында жұмыс істейтін Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) да айналысады. Олардың салалық бағыты әртүрлі – жалпы саны 13. АЭА қатысушылары үшін кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау түріндегі кең ауқымды жеңілдіктер жасалған. Атап айтқанда, мұнда корпоративтік, жер және мүлік салығын төлемейді. АЭА аумағында сатылатын тауарларға ҚҚС ставкасы нөлге тең. АЭА аумақтарында 306 жоба іске қосылып, 22 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды.

Әлі жұмыс көп

Шыңғыс Ибрагимов Үкімет шетелдік инвесторлар үшін тәуекелдерді бағалауда бірнеше проблеманы анықтағанын атап өтті.

Біріншіден, салалар мен аймақтарды дамытудың жалпы стратегиясы жоқ. Аймаққа инвестиция тарту жұмысы бұл өңірдің нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Бұл мәселе төменнен жоғары өңірлік кластерлерді дамыту, өңірлік инвестициялық бағдарламалар, инвестициялар мен субсидияларды мақсатты бағыттау, қаржыландырудағы басымдықтарды анықтау арқылы шешілетін болады, – деп түсіндірді «KazakhInvest» ҰК» АҚ Стратегия және цифрлық даму департаментінің директоры.

Екіншіден, маманның айтуынша, бұл – инфрақұрылымның жоқтығы, учаскелерді бөлу процесінің бұлыңғырлығы және техникалық талаптарды орындаудағы қиындықтар.

Бұл мәселелер салалық шектеулерді жою, сарапшылық жетекшілік, индустриялық аймақтарды одан әрі ілгерілету, салық реформасы және бұрын айтылған Даму кеңесінің бастамасы арқылы шешілетін болады, – деді спикер.

тарту
Фото: Kazinform

Инвесторлар үшін негізгі тәуекелдер жобаларды іс жүзінде жүзеге асырумен байланысты болуы мүмкін, атап айтқанда жер телімдерін бөлу, техникалық шарттармен және қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, шикізатқа қолжетімділік, бірқатар өңірді газдандырудың нашарлығы, электр энергиясының тапшылығы және сақтау орындарының болмауы.

Жаңа саясат осы мәселелерді және даму институттарынан қаржыландыру мен субсидия алу, құрылымдық қайта бөлу кезінде шешімдердің үздіксіздігінің қажеттілігі сияқты басқа да бюрократиялық мәселелерді шешуге бағытталған, – деп қорытындылады Шыңғыс Ибрагимов.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) есебіне сүйенсек, Қазақстанға салынған соңғы 20 жылдағы таза тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) 83%-ға өсіп, 6,1 млрд долларға жеткен. Қазақстан ең ірі 50 елдің қатарына кіреді. ТШИ ағыны бойынша дүние жүзіндегі транзиттік экономикалар арасында, посткеңестік кеңістіктегі 15 ел және теңізге шығаытн мүмкіндігі жоқ 32 дамушы ел арасында көшбасшыға айналды. Сондықтан сарапшылар Қазақстанның өз позициясын сақтап қалуға және жақсартуға толық мүмкіндігі бар деп отыр.

Соңғы жаңалықтар