Инвестордың АЭА инфрақұрылымын салуға кеткен шығынын өтеу тетігі енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Инвестордың арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымын салуға кеткен шығынын өтеу тетігі енгізілмек. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Мемлекеттік қолдау шаралары аясында инфрақұрылым құрылысын қаржыландырудың қолданыстағы процесі бюджет қаражатын бөлу және инвесторлардың өтініштерін мақұлдау бойынша ұзақ рәсімдерді қамтиды. Бұл ретте бөлінетін шектеулі бюджет қаражаты қажетті инфрақұрылымды тарту құралы ауқымында барлық өтініш беруші инвесторлардың инфрақұрылымға сұранысын толық қамтымайды. Сонымен қатар инвестордың инфрақұрылымды өз бетінше салуы қомақты капитал шығындарын талап етеді. Осыған байланысты қосымша салық жеңілдіктерін беру жолымен инвестордың инфрақұрылым құрылысына кеткен шығыстарын өтеу бойынша қолдаудың жаңа құралын енгізу ұсынылады, — деді Үкімет басшысы.
Оның мәліметінше, «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 31 наурыздағы № 194 қаулысын іске асыру мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар үшін ортақ пайдалану инфрақұрылымын салуға инвесторлардың шығыстарын корпоративтік табыс салығын есептен шығару түрінде қосымша салықтық жеңілдіктер беру арқылы өтеу көзделетін «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңға өзгерістер әзірленген.
— Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары технологиялық аумақтарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында іске асырылуда, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Олжас Бектенов Президенттің «Алатау» ИТП» АЭА аумағындағы жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексергенін жазған едік.