Инвесторлар Кулагинге StreetWorkaut алаңын ашу ниеттерін білдірді

Бұл туралы аймақ басшысы Сергей Кулагиннің инвесторлармен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде «Стрит Уоркаут» жобасының таныстырылымы өтті.
Қазақстанның «Стрит Уоркаут» федерациясының президенті Дамир Мумминовтың айтуынша, уоркаут алаңы көше гимнастикасына арналған спорттық құрылғылардан тұрады. Мұнда жас спортшылар турникте тартылып, қоссырықта түрлі жаттығуларды жасай алады. Елімізде 2012 жылы пайда болған уоркауттың уақыт өткен сайын танымалдығы арта түсуде.
Бүгінгі таңда Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалалары мен Ақмола облысының Целиноград, Аршалы аудандарында осындай жобалар жүзеге асырылып отыр.
Осы ретте, аймақ басшысы аталған жобаға қолдау білдіріп, Көкшетауда жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.
«Біз қазір тұрғын үй аулаларын абаттандырудамыз. Онда бұқаралық спорт пен спорт алаңдарына зор көңіл бөлінуде. Осы тұрғыда сіздердің ұсыныстарыңыз қызықтырып отыр. Оны жүзеге асырудың жолдарын міндетті түрде қарастыратын боламыз», - деп атап өтті С.Кулагин.
Ал, «Стрит Уоркаут» федерациясының президенті болса, Көкшетауда осындай бірден екі жобаны жүзеге асыруға дайын екенін айтуда.