Инвесторлар мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша үлкен қызығушылық танытуда

«Инвесторлар мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша үлкен қызығушылық танытуда. Алайда, біз оларға нақты жобалар тізімін ұсына алмай отырмыз. Бізде тек «Үлкен Алматы айналма тас жолы» бойынша ғана ұсыныс бар. Осыған орай, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жобаларға мән беруді сұраймын», - деді Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, Елбасының тапсырмасына сәйкес, инвесторларды тарту бойынша Сыртқы істер министрлігімен де жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте Үкімет басшысының жетекшілігінде Инвестициялық кеңес құрылатын болады, оған халықаралық сарапшылар, ірі инвестициялық банктердің өкілдері қатысатын болады. Аталған Кеңес ірі жобалар бойынша шешімдер қабылдап, нақты салаларға ірі компаниялар тарту мақсатында бүкіл әлем бойынша өкілдер ашу жұмыстары жолға қойылады.
«2016 жылдан бастап Инвестициялар комитеті базасында инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты ашылады. 363 мемлекеттік қызмет түрлері осы «терезеден» алынады. Біз осы бағытта бірқатар ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», - деді Ә. Исекешев.