Иордания астанасында полицейді пышақтап өлтірді: билік мұны теракт деп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Иорданияда Карак провинциясындағы кейінгі шабуылдан кейін тағы бір зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді. Ел астанасы Амманда пышақпен жасалған шабуыл салдарынан полиция қызметкері қаза тауып, тағы бірі жараланды. 

Иордания астанасында полицейді пышақтап өлтірді: билік мұны теракт деп отыр
Фото: Al Mamlaka TV

Оқиға 5 қараша, бейсенбі күні болды. Иорданияның Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, күдікті ұсталды. Алдын ала тергеу нәтижелері шабуылдың алдын ала жоспарланған террористік акт болуы мүмкін екенін көрсеткен.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 12:20 шамасында Шри-Ланка елшілігіне жақын орналасқан Мәдина әл-Мунаууара көшесінде болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шабуылдаушы полиция қызметкеріне кенеттен тап беріп, оған пышақпен бірнеше рет соққы жасаған.

Жақын маңда жүрген патруль қызметкерлері оқиғаға жедел араласып, шабуылдаушыны ұстады. Қақтығыс кезінде патруль командирінің беті жараланды.

Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Алайда полиция қызметкерлерінің бірі алған жарақатынан көз жұмды. Қаза тапқан адам — ефрейтор Джавад Әли Халаф ас-Салайта. Екінші полицейдің жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Al Mamlaka телеарнасының оқиға орнында болған тілшісінің айтуынша, шабуылдаушы қаза тапқан полицейдің қаруын тартып алуға әрекет жасаған. Алайда басқа құқық қорғау қызметкерлері бұған жол бермеді. Ұсталған адамның жанынан екі қанжарды қоса алғанда, бірнеше суық қару табылған.

Иордания үкіметінің ресми өкілі, үкіметтік коммуникациялар министрі Мұхаммад әл-Момани тергеудің алдын ала нәтижелері бұл оқиғаны террористік акт ретінде саралауға негіз беретінін мәлімдеді.

Оның айтуынша, премьер-министр Джафар Хасан тергеу барысын жеке бақылауына алып, шабуылдың барлық мән-жайы мен себептерін жедел анықтауды, сондай-ақ оған қатысы бар адамдарды жауапқа тартуды тапсырған.

Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания королі Абдалла II де тергеу барысын бақылап отыр. Монархтың міндетін уақытша атқарып жүрген ханзада Фейсал бен әл-Хусейн жараланған полицей жатқан медициналық орталыққа барып, қаза тапқан қызметкердің отбасына көңіл айтты.

Еске салайық, бұл шабуыл Иорданияның Карак провинциясында 23 қазанда болған терактіден екі апта өтпей тіркелді. Ол кезде қарулы адамдар христиан шіркеуінің жанындағы жерлеу рәсімі кезінде оқ жаудырған. Салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы 40 адам жараланған.