Иордания королінің Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынастарға жаңа серпін берді – сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Иордания королі Абдалла ІІ-нің Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты байланыстарды тереңдетіп, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді.

Ауни ад-Дауд
Фото: Kazinform

Иорданиялық «Ад-Дустур» газеті бас редакторының орынбасары әрі Экономикалық зерттеулер орталығының басшысы Ауни ад-Даудтың пікірінше, бұл сапардың маңызы зор, себебі ол 2025 жылғы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Амманға жасаған сапарынан кейін қысқа уақыт ішінде жүзеге асты. Ол кезде ауыл шаруашылығы, ғылым, мәдениет, энергетика және инвестиция салаларында 16-ға жуық келісім мен меморандумға қол қойылған болатын.

Ад-Дауд атап өткендей, қазіргі сапардың басты оқиғасы – Астанада өткен Қазақстан-Иордания кәсіпкерлерінің бизнес-форум болды. Форумға екі елден 300-ге жуық кәсіпкер қатысып, түрлі салаларды қамтыған бірқатар жаңа жобалар талқыланды.

«Бұл – саяси диалогты нақты бірлескен жобаларға айналдыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Қазірдің өзінде фармацевтика өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және энергетика саласындағы бастамалар қарастырылып жатыр», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, мықты саяси байланыстарға қарамастан, екіжақты сауда айналымы күткен деңгейге жете қойған жоқ: 2024 жылы оның көлемі 2,9 млн АҚШ долларынан аспаған, оның ішінде 1,3 млн долларын иорданиялық экспорт құраған.

«Потенциал бұдан әлдеқайда жоғары. Қазақстан нарығының жылдық сыйымдылығы шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрайтын фармацевтика саласына инвестиция салуға қолайлы жағдай бар. Иордания компаниялары бұл бағытта тәжірибе жинақтап үлгерді және біз олардың жұмыс аясын кеңейтеді деп үміттенеміз», – деді ад-Дауд.

Сарапшы сондай-ақ ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп отырғанын, соның ішінде қазақстандық бидайды Иорданияға жеткізу, құс шаруашылығын дамыту, жоғары білім, цифрлық технологиялар, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану және Иорданиядағы уран бағдарламасын дамыту бағыттары қарастырылып жатқанын жеткізді.

«Маңызды қадамдардың бірі – 2026 жылғы маусымда Амман мен Астана арасында тікелей әуе қатынасын ашу болмақ. Бұл сауда мен туризмді дамытуға жаңа серпін береді», – деді ол.

Еске сала кетейік, сәрсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания королі Абдалла ІІ иорданиялық монархтың Астанаға сапары аясында өткен Қазақстан-Иордания бизнес-форумына қатысты.

Соңғы жаңалықтар