Иордания мен БАӘ Газаға әуеден гуманитарлық көмек жібере бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің блокадасынан туындаған аштық аясында БАӘ мен Иордания Газаға гуманитарлық көмекті әуеден тастай бастады, деп хабарлайды Анадолы.  

Гуманитарлық көмек
Фото: Анадолы

Израильдің мемлекеттік KAN телеарнасының хабарлауынша, Біріккен Араб Әмірліктері мен Иорданияның ұшақтары Газадағы қалаға парашютпен сегіз қорап гуманитарлық көмек түсірді.

Хабарламада аталғандай, бұл қораптардың төртеуі Газаның Ескі қала ауданында, ал қалған төртеуі қаланың солтүстігіндегі Зейтун ықшам ауданында тасталған.

Израиль армиясы бұған дейін жұма күнінен бастап шетелдік мемлекеттерге Газа секторына әуеден гуманитарлық көмек түсіруге рұқсат беретінін мәлімдеген болатын.

Бұған дейін әуеден тасталған көмектің салдарынан бейбіт тұрғындардың қаза тапқаны туралы да хабарланған еді, себебі кейбір қораптар адамдардың үстіне құлаған.

Жүктердің бір бөлігі теңізге құлап кеткендіктен, аштықтан зардап шеккен тұрғындар жағалауға ағылуға мәжбүр болды. Бұл көмек жеткізу тәсілі қоғам тарапынан сынға ұшырады.

Израильдің блокадасынан туындаған гуманитарлық дағдарыс салдарынан Газа секторында аштықтан көз жұмған палестиналықтар саны 133 адамға жетті.

Соңғы жаңалықтар