Иордания мен Сирия шекарасында АҚШ-тың 3 әскери қызметкері қаза тапты
СИРИЯ. KAZINFORM — Сириямен шекаралас Иордания аумағында әуе соққысының салдарынан 3 америкалық әскери қызметкер қаза тауып, тағы 25-і жараланды.

CNN-нің хабарлауынша, шабуыл Иорданияның солтүстік-шығысындағы америкалық Tower 22 мұнарасына жасалған. Ол Сирия-Иордания шекарасының бойында орналасқан және оны негізінен миссияға қатысушы әскери қызметкерлер Иордания күштеріне кеңес беру және көмек көрсету үшін пайдаланады.
АҚШ Орталық қолбасшылығының жексенбі күнгі мәлімдемесінде «Иорданияның солтүстік-шығысындағы базаға біржақты ұшқышсыз ұшақпен жасалған шабуылдан 3 сарбаздың қаза тапқанын және 25-інің жараланғаны» расталды.
Президент Джо Байден шабуылға кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.
- Біз бұл шабуылға қатысты фактілерді әлі жинап жатырмыз. Дегенмен, оны Сирия мен Иракта әрекет ететін Иранның қолдауындағы радикалды содырлар жасағанын білеміз, - деді Байден.