Иордания, Палестина және Мысыр Газа секторындағы гуманитарлық бітімді қолдады
Иордания, Палестина және Мысыр билігі сәрсенбі күні мәлімдеме жасап, Газа секторында Палестинаның ХАМАС қозғалысы мен Израиль арасында шетелдік делдалдықпен жасалған гуманитарлық келісімді құптайтынын айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Сәрсенбі күні Израиль мен ХАМАС кепілге алынған 50 адамды және көптеген палестиналық тұтқынды босатуға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізіп, қоршаудағы Газа тұрғындарына апталап жалғасқан соғыстан кейін төрт күндік бітім жариялады.
Иордания мәлімдемесінде бітім Газа секторындағы соғысты тоқтататын және палестиналықтардың шабуылға ұшырап, өз жерінен көшіп кетуіне жол бермейтін қадам болады деп үміттенетіні айтылған.
«Сыртқы істер және экспатрианттар істері министрлігі бауырлас Катар мемлекетінің Мысыр Араб Республикасымен және Америка Құрама Штаттарымен серіктестікте жасаған күш-жігерін жоғары бағалай отырып, Газа секторындағы гуманитарлық атысты тоқтату туралы келісімге әкелген күш-жігерді құптайды», - делінген Иордания СІМ мәлімдемесінде.
Иордания СІМ ресми өкілі, Елші Суфьян Әл-Куда Газа секторында атысты тоқтатудың жалғасып жатқан соғысты толығымен тоқтатуға бағытталған қадам ретінде маңызын атап өтті.
Палестина президенті Махмуд Аббас уақытша бітімге келу келісімін құптап, Израиль-Палестина арасындағы ұзаққа созылған қақтығысты кеңірек шешуге шақырды.
Иордан өзенінің батыс жағалауында орналасқан Аббас әкімшілігі «Катар-Мысыр делдалдық талпынысын бағалайтынын» және Израильмен бітімге келудің ұзартылуын және «халықаралық заңдылыққа негізделген саяси шешімнің жүзеге асырылуын» қалайтынын мәлім етті. Бұл туралы Палестинаны азат ету ұйымы атқарушы комитетінің бас хатшысы Хусейн Аш-Шейх хабарлады.
Мысыр президенті Әбдел Фаттах әл-Сиси келісімді құптап, оны Мысыр, Катар және Америка арасындағы сәтті делдалдық деп атады.
Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланған мәлімдемеде ол Мысырдың «әділдік, бейбітшілік пен Палестина халқының заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшін ұзақмерзімді және тұрақты шешімдерге қол жеткізудегі үздіксіз күш-жігері» деп атап өтті.
Сондай-ақ Сауд Арабиясы, Мысыр және Иордания сыртқы істер министрлері Лондонда БАҚ брифингінде Израиль мен ХАМАС тобы арасындағы уақытша бітімге қол жеткізу туралы келісімді құптап, оны ұзарту керек екенін және бұл соғыс қимылдарын толық тоқтау жолындағы алғашқы қадам болуы тиіс екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта араб елдерінің сыртқы істер министрлері Газа секторындағы соғысты тоқтату және Израиль-Палестина қақтығысын түпкілікті шешу мақсатында Израильдің негізгі одақтастарымен және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдермен лобби жасап, кездесулер жүргізіп жатқан негізінен мұсылман елдерінің байланыс тобын басқарады, деп жазады Asharq Al-Awsat.
Осылайша, ресми деңгейде «Газадағы соғысты тоқтату үшін халықаралық әрекеттерге жауапты араб-ислам министрлер комитеті» деп аталатын аталған байланыс тобы Қытай және Ресейде болды. Комитет мүшелері Лондонға барды. Бүгін олар Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронмен кездесіп жатыр.