Иордания Сириямен шекарадағы Джабир бекетін жапты
АСТАНА. KAZINFORM – Сирияның оңтүстігіндегі қауіпсіздік мәселесіне байланысты Иорданияның ішкі істер министрі шекара бекетін жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Анадолы агенттігі.

Иорданияның PETRA ақпараттық агенттігі ішкі істер министрі Фурайенің мәлімдемесін таратты.
Онда Сирияның оңтүстігіндегі қауіпсіздік мәселесіне байланысты Иордания мен Сирия шекарасындағы Джабир шекара бекетінің жабылатындығы туралы айтылған.
Министрдің сөзінше, Иордания Сириядағы оқиғаларды жіті бақылап отыр.
Шешімге сәйкес, мемлекет халқы мен иорданиялық жүк көліктеріне елге оралуға рұқсат етіледі. Ал Сирия аумағына баратын жүк көліктеріне шығуға тыйым салынады.
Еске салсақ, қарулы топ Сирияның төртінші үлкен қаласы Хаманы басып алған болатын. Хама қаласы стратегиялық маңызды орталық саналады. Сирия үкіметінің әскері қаладан шегінгенін жариялады.