Қарулы топ Сирияның тағы бір үлкен қаласын басып алды
АСТАНА.KAZINFORM — Қарулы топ Сирияның төртінші үлкен қаласы Хаманы басып алды. Хама қаласы стратегиялық маңызды орталық саналады. Сирия үкіметінің әскері қаладан шегінгенін жариялады. Бұл туралы Kazinform меншікті тілшісі хабарлады.

Сириялық көтерілісшілер — Хаят Тахрир аш-Шам тобы (Қазақстанда тыйым салынған — авт.) бастаған оппозициялық қарулы топ бейсенбі күні Хама қаласына басып кіргенін хабарлады. Кейін осы оқиағаға қатысты видео жарияланды.
Үкіметке қарсы күштер Хама полициясының штаб-пәтері мен бірқатар әскери әуежайларды, сондай-ақ көршілес бірнеше ауылды басып алды. Әлеуметтік желіде Хама орталық түрмесінен босатылған тұтқындардың видеосы тарап кетті.
Сирияның Қорғаныс министрі бейсенбі күні Сирия қарулы күштері адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қайта жұмылдырылғанын айтты. Ведомство басшысы Сирия қарулы күштерінің бөлімшелерін Хама қаласынан тыс жерге көшіру уақытша тактикалық шараға айналғанын атап өтті.
Хаманың құлауы көтерілісшілерге елдің орталығын солтүстікпен және Жерорта теңізінің жағалауымен байланыстыратын ірі көлік торабын алуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Сирия мыңға жуық «Джебхат ан-Нусра» содырының жойылғанын хабарлады. Сириялық көтерілісшілер маңызды қала Алеппоның орталық аудандарын басып алды. Батыс елдері Сириядағы шиеленісті деэскалациялауға шақырады.
Сирияда соңғы уақытта не болып жатқаны туралы Kazinform тілшісінің шолу материалынан оқуға болады.