Иорданияда полицей қызметкерін өлтірген ер адам өлім жазасына кесілді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл күзде қауіпсіздік қызметкерлері мен бейбіт тұрғындарға жасалған бірқатар шабуылға байланысты терроризм ісі бойынша өлім жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иордания Мемлекеттік қауіпсіздік соты 25 қараша күні 5 қарашада Амманда полиция қызметкерлеріне террорлық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылған Мұханнад әл-Хаммуриге өлім жазасын кесті.
Айта кетейік, шабуыл Шри-Ланка елшілігінің маңында болған. Мұханнад әл-Хаммури дипломатиялық өкілдікті күзетіп тұрған полиция капралы Джавад ас-Салайтеге пышақ сұғып, оның автоматын тартып алуға әрекеттенген.
Ал полиция қызметкеріне көмекке келген капитан Фирас әл-Ананза шабуылдаушыны ұстауға әрекеттенген кезде өзі де жарақат алған. Кейін капрал ас-Салайте ауруханада көз жұмды.
Сот 1994 жылы туған шабуылдаушы әл-Хаммуриді «Терроризмнің алдын алу туралы» заңның екі бабы бойынша кінәлі деп таныды. Атап айтқанда, адам өліміне әкеп соққан қарулы террорлық әрекет жасағаны және қару қолданып террорлық әрекетке барғаны үшін айыпты деп тапты.
Сотталған азамат бұған дейін де терроризмге қатысы бар қылмыстар жасағаны үшін жауапқа тартылған. 2022 жылы ол Иорданияның Ирбид провинциясындағы құқық қорғау органдары нысанына шабуыл жасауға дайындалғаны үшін және ИШИМ террористік ұйымымен байланысы үшін 9 жылға сотталған. Алайда қараша айындағы шабуылға аз уақыт қалғанда түрмеден босап шыққан.
Әзірге өлім жазасы туралы сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Иордания заңнамасына сәйкес, Мемлекеттік қауіпсіздік сотының шешіміне шағым түсіруге болады. Сонымен қатар үкім міндетті түрде кассациялық соттың қарауына жіберіледі.
Еске сала кетейік, Аммандағы шабуылға дейін Иорданияның оңтүстігіндегі Карак провинциясында да террорлық оқиға болған еді.
23 қазанда Хаммуд ауылындағы Әулие Георгий православие шіркеуінде жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде қарулы адамдар оқ жаудырған. Шабуылдан 9 адам қаза тауып, 30-дан астамы жараланды.
Осыған байланысты 15 қарашада Мемлекеттік қауіпсіздік соты Карак провинциясындағы шабуылға қатысқан үш адамды өлім жазасына кесті.
Сонымен қатар Иордания королі II Абдалла Карак провинциясындағы шабуылды террористік акт деп атап, кінәлілерге қатысты ең қатаң шаралар қолданатынын мәлімдегенін жазған едік.