Иорданияда Telegram бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания билігі киберқылмысқа және экстремистік мазмұндағы материалдардың таралуына қарсы күрес аясында цифрлық кеңістікті бақылауды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Аммандағы меншікті тілшісі.

Иорданияда Telegram бұғатталды
Фото: Анадолы

Иордания Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы 16 қараша, дүйсенбі күні ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерге байланысты ел аумағында Telegram мессенджерін бұғаттау туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Басқарма мәліметінше, мессенджер экстремистік және радикалды мазмұндағы материалдарды таратуға, сондай-ақ қорқыту, бопсалау секілді киберқылмыстар жасауға пайдаланылған.

Алайда ресми мәлімдемеде Telegram-ды бұғаттау қанша уақытқа созылатыны және оған қолжетімділікті қалпына келтіру шарттары айтылмаған.

Иордания Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының мәліметінше, бұл шешім қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданды. Ол цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға, пайдаланушыларды қорғауға және интернеттегі заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған.

Ведомство заңсыз мазмұндағы материалдарды тарату және цифрлық платформаларды экстремистік идеяларды насихаттау үшін пайдалану қоғамдық және ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін атап өтті.

Сондай-ақ билік өкілдері азаматтарды әлеуметтік желілерді пайдаланғанда сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бейтаныс аккаунттармен байланыс орнатпауға шақырды. Сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтар туралы ресми арналар арқылы хабарлауды ескертті.

Бұдан бөлек кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Ата-аналарға балаларының әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалануын қадағалап, ондағы қауіптерді түсіндіру және ата-ана бақылауының қолжетімді құралдарын қолдану ұсынылды.

Иордания Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы цифрлық ортадағы қылмыстар мен заңбұзушылықтарға қарсы шараларды жалғастыратынын мәлімдеді.

Корольдік билігінің бұл шешіміне соңғы уақытта болған лаңкестік әрекеттер де әсер етуі мүмкін. Қазан айында бірнеше шабуылдаушы Қарак провинциясындағы шіркеуге оқ жаудырған. Ал қарашада Амман қаласында полицейді пышақтап өлтірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Иордания соты шіркеуге шабуыл жасаған үш адамды өлім жазасына кескенін хабарлаған болатын.