Иорданиядағы ҚР елшілігі «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл және қазақстан-иордан қарым-қатынастарының болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

Еліміздің 20 жылдық мерейтойы аясында өткізілген арнайы іс-шараға қатысушылардың алдында Елші Б.Сәрсенбаев еліміздегі саналуан халықтар мен ұлт өкілдерінің арасындағы бірлік пен татулық және осы уақыт аралығында көптеген салаларда қол жеткізілген ұланғайыр табыстар мен жетістіктер жөнінде, еліміздің ШЫҰ-да және ИЫҰ-да төрағалық етуінің маңызы мен рөлі, Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты, Астанада 2017 жылы EXPO көрмесін «Болашақ энергиясы» тақырыбында өткізуге дайындығы туралы және басқа да маңызды тақырыптарды қамтыған үлкен баяндама жасады.
Университет ұжымы атынан, осы жоғары оқу орнының президенті, бұрынғы Премьер-министрі, Аднан Бадран, Дүниежүзілік Ислам Академиясы ғылымдарының (ДИАҒ) Бас директоры Муниф Зуби, Петра университеті қамқоршылық кеңесінің төрағасы, бұрынғы вице-премьер-министрі, Иорданияның белгілі кәсіпкері Али Сухеймат, Иорданияның жетекші «Аль-Рай» газетінің саяси шолушысы Маруан Саудах және т.б. Қазақстан мен Иордания арасындағы көпсалалы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті. Осы тұрғыда ҚР Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған салиқалы да сарабдал ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстанның осы күндері дүниежүзіне танымал елдердің қатарына қосылып, қарқынды даму үстінде екендігін әңгімелей отырып, жоғары баға берді.
Аталған іс-шараға сонымен қатар, университеттің басшылығы, факультеттер декандары, оқытушы профессорлары, Қазақстанда жұмыс істейтін иордан бизнесмендері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар Қазақстанның Аммандағы Елшілігінің қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауым арасында қызу пікір-алмасу болып өтіп, қонақтарға Тәуелсіздігіміздің жетістіктерін паш ететін алдын-ала дайындалған брошюралар мен кітапшалар таратылды және еліміз жөнінде документалды фильм көрсетілді.
Иордандық БАҚ өкілдерінен дөңгелек үстелге «Петра» ақпарат агенттігі, ирак телеканалы «Әл-Тағйир», «Әл-Рай», «Әл-Дияр» газеттері қатысты.