Иорданиялық сарапшы: Бір палаталы Парламент басқару тиімділігін арттырады
АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстан Президентінің Жолдауында белгіленген саяси жаңғырту мен цифрлық трансформация бағыты Амманда да талқыланып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентті бір палаталы етіп қайта құруды, Сенатты тарату жөнінде бастама көтерді. Сондай-ақ ол Жасанды интеллект министрлігін құруды және Қазақстанды Еуразияның жетекші авиациялық хабына айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты қуаттады. Осы орайда Jordan Daily бас редакторы Нидаль Зубейди пікір білдірді.
– Президент Тоқаевтың Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру туралы бастамасы басқаруды барынша тиімді етуге бағытталған көреген қадам деп ойлаймын. 1995 жылы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құрылған Сенатты елдің саяси кемелдігі жағдайында тарату қисынды, – деді Зубейди.
Сарапшының айтуынша, жыл бойы жалғасатын қоғамдық талқылау циклі және 2027 жылы өтетін референдум азаматтарды кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Бұл өзгерістер ұлттық ерік-жігерге сай болуына және 2022 жылдан кейін басталған партиялық жүйені нығайтуға бағытталған реформаларды дамытуға жол ашады.
– Кең ауқымды пікірталастарға мән беру және мәселені референдумға шығару – қоғамды орынды түрде қатыстыру әрі партиялық жүйені күшейту қадамы. Бұл саяси процестің заңдылығын және болжамдылығын арттырады, – деп атап өтті ол.
Зубейди өз сөзінде институционалдық өзгерістерді экономикалық дамудың басымдықтарымен және технологиялық күн тәртібімен байланыстырады.
– Мұндай шешім заңдарды қабылдау процесін едәуір жеделдетуі мүмкін, әсіресе жасанды интеллект, инфрақұрылым және шағын және орта бизнесті қолдау мен атом энергетикасы сияқты экономикалық басымдықтарға баса мән беріп келе жатқан, табиғи ресурстарға бай ел үшін. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сенат төрағасы болғандағы тәжірибесі бұл бастамаға қосымша сенімділік береді. Жалпы алғанда, мен мұны Қазақстан үшін ғаламдық сын-қатерлер жағдайында заңнамалық құрылымды жеңілдетудің жақсы мүмкіндігі деп санаймын. Егер пікірталастар инклюзивті өтсе, бұл әлеуметтік-экономикалық прогресті жеделдетіп, өңірлік тұрақтылықты күшейте алады. Бұл өз кезегінде елдің болашаққа нық сеніммен қараған көреген көзқарасын айқындайды, – деп түйіндеді Зубейди.
Айта кетейік, әзербайжандық сарапшылар Парламентті бір палаталы жүйеге көшіру бастамасын ерекше атап өтті.