IPO, облигациялар, цифрлық активтер: Қазақстанның капитал нарығында не өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы № 143 және ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2026 жылғы 29 қазандағы № 125 бірлескен қаулысымен Қазақстан Республикасының капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді.
Бағдарлама Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Бағдарламаны әзірлеу кезінде капитал нарығының жай-күйі талданды, сондай-ақ осы секторды реттеу мен дамыту бөлігінде озық халықаралық практикалар ескерілді.
— Бүгінгі күні капитал нарығы негізгі көрсеткіштер бойынша орнықты өсуді көрсетіп отыр. Соңғы бес жылда қазақстандық акциялар нарығын капиталдандыру екі еседен астам — 19,1 трлн теңгеден 41,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды, орташа жылдық өсу қарқыны 22%-ды құрады. Борыштық бағалы қағаздар нарығы да іс жүзінде екі есе — 32 трлн теңгеден 58 трлн теңгеге дейін өсті, — делінген комитет хабарламасында.
Бағдарламаның басты міндеті — капитал нарығын бизнес пен инвесторлар үшін одан да қолжетімді ету және оны банктерді кредиттеумен қатар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналдыру.
Капитал нарығын дамыту бағдарламасы 7 стратегиялық бағытты және 35 бастаманы қамтиды.
1. Инвесторлардың институционалдық базасын кеңейту және әртараптандыру.
Бағыт зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру және оларды нарықтық ортаға тарту жөніндегі шараларды қамтиды. Сондай-ақ, ұжымдық инвестицияларды дамыту және баламалы және хедж-қорларды қоса алғанда, жаңа кәсіби басқарушылардың пайда болуы үшін жағдайлар жасау көзделеді.
2. Борыштық бағалы қағаздар және туынды қаржы құралдар нарығын кеңейту және әртараптандыру.
Банктік кредиттеуге балама құру және тәуекелдерді басқару құралдарының нарығын қалыптастыру мақсатында корпоративтік облигацияларды ынталандыру, секьюритилендіруді дамыту, мемлекеттік борышты басқаруды жетілдіру және туынды құралдарды дамыту көзделеді.
3. IPO-ны ынталандыру және шағын және орта бизнестің акционерлік капитал нарығына қолжетімділігін кеңейту.
Акционерлік капиталды тартатын компаниялар тобын кеңейту үшін биржаға шығу рәсімдерін оңайлату және цифрландыру, эмитенттерді даярлау бағдарламасын құру, салықтық ынталандыруларды енгізу және листинг демеушілері институтын енгізу көзделеді.
4. Акциялардың қайталама нарығының өтімділігін арттыру.
Акциялар айналысның белсенділігін және баға белгілеудің тиімділігін арттыру мақсатында бағалы қағаздарды қарызға алу және кредиттеу тетігін енгізу, қысқа сатуды дамыту, маркет-мейкингті жетілдіру және халықаралық қолжетімділікті кеңейту көзделеді.
5. Жаңа құралдарды енгізу және кеңейту.
Бағыт қаржы құралдарының жаңа сыныптарын дамытуға бағытталған. Цифрлық қаржы активтерін, ESG-қаржыландыруды және капитал нарығының исламдық сегментін дамыту көзделеді.
6. Дәрменсіздік және қайта құрылымдау режимдерін жаңғырту.
Берешекті реттеу және кредиторлардың құқықтарын қорғау рәсімдерінің болжамдылығын арттыру мақсатында алдын ала келісілген қайта құрылымдауды ресімдеу, облигацияларды ұстаушылар өкілінің институтын күшейту және трансшекаралық дәрменсіздік тетіктерін жетілдіру көзделеді.
7. Реттеушілік ортаны жетілдіру.
Реттеудің тиімділігін арттыру және қатысушыларға артық жүктемені азайту үшін қор биржасының функцияларын кеңейту, лицензиялауды жетілдіру, тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу және биржадан тыс мәмілелердің ашықтығын арттыру көзделеді.
— Бағдарламаны іске асыру капитал нарығының орнықты дамуына, ішкі жинақтарды ұзақ мерзімді инвестицияларға айналдыруға, бизнестің нарықтық қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы капитал нарығының рөлін арттыруға ықпал ететін болады. Көзделген шаралардың едәуір бөлігі «Капитал нарығы туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасында заңнамалық түрде бекітілетін болады, оны 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының қарауына енгізу жоспарланып отыр, — деп түйіндеді ведомство.
Бағдарламаның толық мәтінімен агенттіктің сайтында танысуға болады.
Осыған дейін Alatau City-дің инфрақұрылымына британдық капиталды тарту қаралғанын жазғанбыз.