Ипотека ұйымдарының капиталы 4 айда 16 миллиард теңгеге көбейген

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк елдегі ипотекалық ұйымдардың 4 айдағы табысы мен шығыны туралы дерек жариялады.

ипотека
Коллаж: Kazinform / Freepik

2025 жылдың 1 қаңтарында елдегі ипотекалық ұйымдардың жиынтық активі 1 трлн 576 млрд 852 млн 239 мың теңге болса, сәуірдегі жағдай бойынша 1 трлн 605 млрд 550 млн 885 мың теңгеге жеткен. Оның ішінде капитал жиынтығы 259,9 млрд теңгеден 275,9 млрд теңгеге артқан немесе 16 млрд теңге өсім бар. Ал міндеттемелер жиынтығының өсімі — 12,7 млрд теңге. 

Мұны қарапайымдап айтсақ, ипотекалық ұйымдардың барлық мүлкінің, ақшасы мен басқа құндылықтарының жалпы сомасы 4 айда 1,576 трлн теңгеден 1,605 трлн теңгеге жеткен.
Оның ішінде ұйымдардың жеке қаражаты мен резервтері 259,9 миллиард теңгеден 275,9 миллиард теңгеге артып, 16 миллиард теңге өсім көрсеткен.

Ал басқа адамдар мен ұйымдар алдындағы берешегі 12,7 миллиард теңгеге артқан.
Яғни, ипотека ұйымдарының жалпы жағдай жақсарғанымен, қарызы да көбейе түскен.
Сондай-ақ, ипотекалық ұйымдардың сыйақы алумен байланысты кірістер жиынтығы (халыққа берген ипотекадан пайыз түрінде алатын табыс — ред) 1 ақпанда 15,6 млрд теңге болса, 1 сәуірдегі жағдай бойынша 46,3 млрд теңгеге жеткен.

Сыйақы алумен байланыссыз кірістер ақпан айында 6,8 млрд теңге болса, 1 сәуірде 9,7 млрд теңге болып өзгерген.

4 айдың ішінде ипотека ұйымдарының табыс салығын ескергендегі барлық шығыстары 37,9 млрд теңге болған.

Соңғы жаңалықтар