Ирак азаматтық әуе кеңістігіне салынған тыйымды ұзартпады

АСТАНА. KAZINFORM - Ирактың авиациялық билігі 13 маусымнан бері қолданыста болған азаматтық ұшақтардың ел аумағы үстінен ұшуына тыйымды ұзартпады, деп хабарлайды ТАСС.

Ирак азаматтық әуе кеңістігіне салынған тыйымды ұзартпады
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

— 13 маусым түнінде енгізілген тыйым енді ұзартылған жоқ, — деді агенттікке сұхбат берген диспетчер.

Оның айтуынша, жақында ел аумағы арқылы Кувейттен үшінші елдерге бағыт алған бірнеше транзиттік ұшақ өткен.

Диспетчерлік қызмет қазіргі уақытта Бағдад халықаралық әуежайының толық жұмысын қайта қашан бастайтыны туралы нақты ақпарат жоқ екенін де мәлімдеді.

Бұған дейін Flightradar мониторингтік веб-сервисі Ирак әуе кеңістігінің ашылғанын хабарлаған. Сондай-ақ Turkish Airlines компаниясының баспасөз хатшысы Билял Экши әлеуметтік желідегі жазбасында 25 маусымнан бастап Бағдад пен Эрбиль бағыттарына рейстердің қайта жанданатынын айтқан.

Еске сала кетсек, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған болатын. Арада бір тәулік өтпей Иран да жауап шабуыл жасады. 23 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иранның атысты толық тоқтатуға келісім бергенін мәлімдеді.

Израиль билігі АҚШ ұсынысын қабылдағанын және алға қойылған әскери мақсаттар орындалғанын хабарлады. Иран жағы Израильді біржақты түрде агрессияны тоқтатуға мәжбүрлегенін айтып, бұл қақтығыстағы жеңісін жариялады.

Ирактың авиациялық билігі азаматтық авиация үшін әуе кеңістігін жауып тастағанымен, кейбір рейстерге Басра қаласының әуежайына қонуға рұқсат берілген. Бұл үшін диспетчерлер Парсы шығанағы жағынан ел шекарасынан өтуге арналған екі әуе дәлізі мен екі бақылау нүктесін анықтаған. Мұндай рейстер 24 маусым күні де орындалды.

Айта кетелік Масуд Пезешкиан Израиль бітім шартын сақтаса, Иран да оны бұзбайтынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар