Ирак БҰҰ-ға Израиль Иранға шабуыл жасау үшін оның әуе кеңістігін пайдаланды деп шағымданды

АСТАНА. KAZINFORM – Ирак Республикасы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен бүкіләлемдік ұйымның Қауіпсіздік кеңесіне Израильдің Иранға соққы беру үшін Ирактың әуе кеңістігін пайдалануына байланысты наразылығын білдірді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.

Ирак әуе кеңістігі
Фото: ТАСС

«Ирак 26 қазанда Израильдің Ирак әуе шекараларын өрескел бұзғаны және Иранға соққы беру үшін елдің әуе кеңістігін пайдаланғанына байланысты Бас хатшы мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ресми түрде наразылық нотасын жіберді», - делінген Ирак министрлер кабинетінің басшысы Мұхаммед ас-Судани кеңсесі Telegram арнасында жарияланған құжатта.

Премьер сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне «Ирак егемендігінің бұзылуын талқылау үшін АҚШ-пен байланысуды» тапсырды.

Ирак үкіметі «елдің әуе кеңістігін басқа мемлекеттерге, әсіресе сыйластық қарым-қатынаста отырған көршілес мемлекеттерге шабуыл жасау үшін пайдалануға жол бермейтінін» растады.

Бағдад «әртүрлі деңгейде Ирактың егемендігін бұзумен күресуге» уәде беріп, барлық тараптарды дауларды «диалог арқылы» шешуге шақырды.

26 қазанда Израиль қорғаныс күштері «көптеген үздіксіз шабуылдарға» жауап ретінде Ирандағы әскери нысандарға соққы беретінін жариялады. Иранның әуе қорғаныс күштері мәлімдемесінде шабуыл Илам, Тегеран және Хузестан провинцияларындағы әскери нысандарға жасалғаны, бірақ келтірілген шығын шектеулі екені айтылған.

Бұл соққы ХАМАС, «Хезболла» және Ислам революциясы Сақшылар корпусы (Иран Қарулы күштерінің элиталық бөлімшелері) жетекшілігіндегі негізгі тұлғалардың өлтірілуіне жауап ретінде ирандық әскерилер еврей мемлекетіне жаппай зымырандық шабуыл жасаған 1 қазандағы оқиғаларға жауап болды.

Осыған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің дүйсенбіде Израильдің Иранға соққы беруіне байланысты бас қосатынын хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар