«Ирак ислам қарсылығы» қозғалысы Израильдің өмірлік маңызды нысанына шабуыл жасағанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Ирак ислам қарсылығы» қозғалысына кіретін шииттер ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен Израильдің солтүстігіндегі «өмірлік маңызды» нысанға шабуыл жасады, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
«Оккупацияға қарсылық көрсету жолын жалғастырып, Палестина мен Ливан халқын қолдау мақсатында, сондай-ақ басқыншы биліктің бейбіт халықты, оның ішінде балаларды, әйелдерді және қарттарды қырғанына жауап ретінде, «Ирак ислам қарсылығының» моджахедтері жексенбі 27 қазанда, Голан жотасының оккупацияланған аймағындағы өмірлік маңызды нысанаға ұшқыссыз аппараттар арқылы соққы берді. Ислам қарсылық қозғалысы қарсыластың тірек пункттерін жою операцияларының қарқыны арта түсетінін растайды», - делінген Telegram-арнадағы мәлімдемеде.
2023 жылдың қазан айында ХАМАС радикалды палестиналық қозғалысының содырлары Газадан Израиль аумағына еніп, шекаралас елді мекен тұрғындарын өлтіріп, тұтқындарды қолға түсіруіне байланысты өңірдегі жағдай ушығып кеткен соң, Ирактағы шииттік топтар белсенділігін арттырды. Радикалдар бұл шабуылды Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне қарсы Израиль билігінің әрекетіне жауап деп атады. Израиль Газаны толықтай қоршауға алып, оған және Ливан мен Сирияның кейбір аудандарына соққылар жасай бастады, кейін анклавта жерүсті операциясын бастады. Қақтығыстар Иордан өзенінің Батыс жағалауында да жүріп жатыр.
Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері ирандық әскери нысандарға түнгі әуе шабуылдарын аяқтағанын айтып, Иранды қақтығыстың одан әрі шиеленісуіне қарсы тұруға дайындалуды ескерткен.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қазаннан 26 қазанға қараған түні ИСД «режимнің Израильге қарсы үздіксіз шабуылдары» деп атаған әрекетіне жауап ретінде «Ирандағы әскери нысандарға дәл соққылар жасап жатқанын» мәлімдеді.
Израиль әскерінің Иранға жауабы Тегеран 1 қазанда Израильге жаппай шабуыл жасап, 200-ге жуық баллистикалық зымыранмен атудан кейін күтілген болатын. Бұл өз кезегінде Иран қолдайтын ливандық шииттік «Хезболла» тобының жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілуіне жауап ретінде жасалды. Ол израильдіктердің Бейруттегі Хезболланың штаб-пәтеріне жасаған соққысынан қаза тапты.
Иран ақпарат құралдары 26 қазанға қараған түні Тегеранда және оған жақын орналасқан әскери базаларда екі сағаттан астам уақыт бойы бірнеше жарылыстың екі толқыны болғанын хабарлады. IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің (ҚазАқпаратқа серіктес агенттік) хабарлауынша, Тегеранның орталығында зениттік атыс естілді.