ЦАХАЛ «Хезболла» жетекшісінің мұрагері өлтірілгенін растады
АСТАНА.KAZINFORM — Израиль әскерилері үш апта бұрын Бейрутке жасалған соққы кезінде Хашем Сафиеддин өлтірілгенін хабарлады. Ол бұған дейін өлтірілген «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралланың ізбасары болуы мүмкін, деп жазады BBC.
— Израиль қорғаныс күштері «Хезболла» атқарушы кеңесінің басшысы Хашем Сафиеддин мен топтың барлау штабының қолбасшысы Али Хусейн Хазиманың «Хезболланың» басқа қолбасшыларымен бірге өлтірілгенін растай алады. Террористер шамамен үш апта бұрын Дахия аймағында болған соққы кезінде жойылды. Израиль қорғаныс күштері «Хезболланың» жоғарғы қолбасшыларына және Израиль азаматтарына қауіп төндіретіндердің барлығына қарсы операцияларды жалғастырады, -делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.
Қазан айының басында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболла» басшыларының жойылғанын хабарлады, бірақ ол олардың атын атамады.
Оның айтуынша, Израиль қауіпсіздік күштері Насралланың мұрагерін, сондай-ақ топ «мұрагерінің мұрагерін» өлтірген.
Қазанның 3-інен 4-іне қараған түні Бейруттің оңтүстік шетіндегі Рафик Харири халықаралық әуежайы аймағындағы «Хезболла» нысандарына бірқатар соққы жасалды.
Содан кейін шабуылдың нысанасы Насралланың немере ағасы Хашем Сафиеддин болуы мүмкін екені хабарланды.