Ирак Израиль шабуылдарынан қашқан ливандықтарға тегін виза береді
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак премьер-министрі және Қарулы күштердің бас қолбасшысы Мұхаммед әл-Судани Ливандағы қиын жағдайға байланысты елге келген ливандықтарға тегін кіру визасын беруді бұйырды. Бұл туралы INA хабарлады.
– Ливанда жалғасып жатқан соғысқа байланысты Ливан азаматтарының Иракта болатын отыз күндік виза мерзімін ұзарту керек. Елде болу мерзіміне байланысты заңды бұзған Ливан азаматтары жазадан босатылуы керек. Виза мерзімі аяқталғаннан кейін Иракпен шекаралас пункттерге келген Ливан азаматтарына тегін кіру визаларын беруді жалғастырсын, – делінген Премьер-Министрдің бұйрығында.
24 қыркүйек күні түстен кейін Израиль Бейрутке кезекті әуе шабуылын жасады. 560-қа жуық адам қайтыс болды.
«The Times of Israel» интернет-басылымының әскери ортадағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) Бейрутке жасаған шабуылындағы көздеген нысанасы «Хезболла» зымырандық бөлімшесінің командирі болған. Оның тағдыры әлі белгісіз.
Израиль танктері мен артиллериясы Ливан шекарасына жақын маңдағы нысандарды да атқылады, деп хабарлады AP. Израильдің әуе шабуылдарынан оңтүстік Ливанның 1700 шаршы шақырым ауданы зардап шеккен.
Израиль үкіметі кем дегенде 30 қыркүйекке дейін созылатын бүкіл елде төтенше жағдай енгізді. «Хезболла» өз тарапынан қыркүйектің 24-іне қараған түні және сол күні таңертең Израильдегі сегіз нысанға, соның ішінде Ливанмен шекарадан 60 шақырым жерде орналасқан Зихрон Яков қаласындағы жарылғыш зат зауытына шабуыл жасағанын хабарлады.