Израильдің Ливанға шабуылынан қаза тапқандар саны 560-қа жуықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Ливан билігінің хабарлауынша, дүйсенбіден бері Израильдің бүкіл елге жасаған әуе шабуылдарында кем дегенде 558 адам, оның ішінде 50 бала мен 94 әйел көз жұмды, 1800-ден астам адам жараланған. Бұл күн Ливандағы 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталғаннан бергі ең қанды күн болды, деп жазады ВВС.
Израиль билігі Иран қолдайтын және Израильдің солтүстігіне үнемі шабуыл жасаған ливандық «Хезболла» тобының инфрақұрылымы мен жауынгерлерін нысанаға алғанын айтады.
«Хезболла» сейсенбі күні таңертең Израильге ондаған зымыран атқылаған. Көбісі қорғаныс нәтижесінде ауада жарылды, бірақ кейбір ғимараттар зақымданды», — дейді Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ).
Израиль әскері дүйсенбі күні Ливанға 1600-ден астам соққы жасағанын хабарлады. Шабуылдар негізінен оңтүстікте болған, бірақ олардың кейбіреулері елдің шығыс және солтүстік-шығыс аймақтарында орын алған.
Израиль тек «Хезболла» нысаналарына ғана соққы бергенін айтып жатыр, бірақ Ливан билігі нысаналардың көпшілігі тұрғын үй инфрақұрылымы болғанын мәлімдеген.
«Хезболла» мен Израиль арасындағы соққы алмасу сейсенбіде де жалғасты.
Кейбір халықаралық әуе компаниялары жолаушылар қауіпсіздігіне байланысты Бейрутқа рейстерді тоқтатты. Кейінірек аймақтағы шиеленістің күшеюіне байланысты Тель-Авивке кейбір рейстердің тоқтатылғаны белгілі болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ливан Израильдің Хезболлаға қарсы әуе шабуылынан 274 адам қаза тапқанын хабарлаған еді.
АҚШ Таяу Шығыстағы әскери контингентін көбейтті.