Ливанға жасалған шабуыл: АҚШ Таяу Шығыстағы әскери контингентін көбейтті
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ күшін нығайту үшін Таяу Шығысқа «шағын қосымша әскери контингент» жіберіп жатыр.
Еuronews-тің жазуынша, Пентагон бұл мәселеге қатысты "АҚШ Таяу Шығысқа қосымша әскери күш жібереді" деп мәлімдеген.
Коммерсантъ-тың таратқан мәліметіне сай, Қорғаныс министрлігінің өкілі Патрик Райдер АҚШ Таяу Шығысқа шағын қосымша контингент жіберіп жатқанын айтқан.
"Сақтық мақсатында біз аймақтағы күшімізді арттыру үшін АҚШ әскерлерінің шағын қосымша контингентін жіберіп жатырмыз», - деді Патрик Райдер.
Спикер сарбаздардың саны көбейді ме, әлде әскери техника саны артты ма, ол жағын нақтылаудан бас тартты.
Ол қауіпсіздікті сақтау мақсатында тілшілердің өзге сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
23 қыркүйекте Израиль Ливандағы «Хезболла» нысандарына жаппай соққы берді.
Сол күні кешке Израиль қорғаныс министрі Йоав Галант Ливанда «Солтүстіктің жебелері» деп аталатын шабуыл операциясын жариялады.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жергілікті тұрғындарды «Хезболла» нысандарынан алыс кетуге шақырды.
23 қыркүйекте Израильдің «Хезболла» нысаналарына жасаған ауқымды соққыларынан 300-ге жуық адам, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапқаны мәлім болды.
Қақтығыс 17 және 18 қыркүйекте Ливанда болған байланыс құрылғыларының жарылыстарынан кейін басталды. Онда ондаған адам қаза тауып, 3 мыңға жуық адам жарақат алды.