Ирак Киркук-Джейхан құбыр желісі арқылы Түркияға мұнай экспортын қайта бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак Күрдістанның табиғи ресурстар министрлігі екі жылға жуық үзілістен кейін стратегиялық маңызды Киркук-Джейхан құбыры арқылы Түркияға мұнай экспортын ресми түрде қалпына келтірді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жеткізуді қалпына келтіру туралы келісімге тараптар арасындағы ұзақ және қарқынды келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді. Мұнай экспорты 27 қыркүйек күні таңертең Астана уақытымен таңғы сағат 6:00-де басталды. Мәлімдемеде атап өтілгендей, қажетті техникалық дайындықтар алдын ала жүргізілді.
– Экспортты қалпына келтіруге дайынбыз. Захоның батысындағы №46 экспорттық желідегі есептегіш іске қосылды. Біздің мамандар Түркияға айдалатын мұнай көлемін бақылау үшін сол жерде жүр, - деп түсіндірді Ирак мемлекеттік мұнай компаниясы North Oil Company.
Компания құбырды толығымен толтыру үшін бір-екі күн қажет екенін атап өтті. Бұл – қысымды теңестіру және бүкіл құбырдың техникалық тұрақтылығын тексеру үшін қажет стандартты процедура. Түрік тарапы да өз тарапынан жеткізілімдердің қайта жанданғанын растады.
6 Şubat 2023’te yaşanan depremler nedeniyle geçici süreyle kapalı kalan ve 4 Ekim 2023 tarihinde BOTAŞ tarafından operasyona hazır hale getirilen Irak – Türkiye Ham Petrol Boru Hattı’ndan bu sabah saat 07.07 itibariyle petrol akışı yeniden başlamıştır.
— Alparslan Bayraktar (@aBayraktar1) September 27, 2025
Естеріңізге сала кетейік, Киркук-Джейхан бағыты бойынша мұнай жеткізу 2023 жылы Ирак федералды үкіметі мен Ирактың Күрдістан аймағы үкіметі арасындағы саяси және құқықтық келіспеушіліктерге байланысты тоқтатылды. Екі тарап табиғи ресурстарды экспорттау бойынша өкілеттіктерді бөлуге қатысты Конституцияның әртүрлі құқықтық түсіндірмелерін алға тартты.
Бұған дейін қыркүйек айының ортасында Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы мұнай экспортын қайта бастағаны хабарланған болатын.