Ирак контрабандамен күресу үшін Иранмен шекарасын нығайтып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ирак билігі контрабандамен күрес, ел аумағына заңсыз өту әрекеттерінің алдын алу мақсатында Иранмен арадағы инфрақұрылымды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Anadolu.
Ирак Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Хавизе батпақты алқабы аумағында мемлекеттік шекара бойындағы топырақ бөгеттерді бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ирак шекара қызметінің өкілі Мунир Аббастың айтуынша, бұған дейін контрабандамен айналысатындар шекаралық бақылау жүйесіндегі осал тұстарды пайдаланып келген.
Биыл шілдеде Ирак Ішкі істер министрлігі осы аумақтағы шекараның 50 шақырымдық бөлігінде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бақылау жүйелері орнатылғанын хабарлаған болатын.
Сонымен қатар Ирактың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Қасым әл-Абуди Тегеранда келіссөз жүргізді. Кездесуде екіжақты қауіпсіздік келісімі мен шекаралық бақылау мәселелері талқыланды.
Соңғы күндері Ирак билігі елдің бірнеше провинциясында мұнай контрабандасына қарсы операцияларды да күшейтті.
Еске салайық, қыркүйекте Ирак билігі тексеру және қауіпсіздік шараларын жүргізуге байланысты Иранмен шекарадағы бірқатар өткізу бекетін уақытша жапқан еді.