Ирак парламенті Низар Амидиді президент етіп сайлады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа мемлекет басшысының тағайындалуы бірнеше айға созылған саяси дағдарыстан кейін үкіметті жасақтауға жол ашты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Низар Амиди
Фото: Iraqi News Agency

Ирак парламенті сенбі күні Низар Мохаммед Саид Амидиді республика президенті етіп сайлап, билік құрылымын қалыптастыру үдерісін тұралатып келген бес айға жуық саяси тығырықты еңсерді.

Дауыс берудің екінші турында ол 227 дауыс жинап, қарсыласы – депутат Мутанна Амин Надерден айқын басым түсті. Соңғысына 15 парламентарий дауыс берген, тағы жеті бюллетень жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды INA агенттігі.

58 жастағы Амиди, Күрдістанның патриоттық одағы партиясы ұсынған кандидат ретінде, 2003 жылы Саддам Хусейн режимі құлатылғаннан бері Ирактың алтыншы президенті атанды. Оның сайлануы АҚШ, Израиль және Иран арасындағы соғыс салдарынан ушығып отырған өңірлік шиеленіс жағдайында өтті, оның салдары Ирак аумағына да әсер етті.

– Менің тағайындалуым – үлкен жауапкершілік. Еліміздің алдында тұрған сын-қатерлердің ауқымын жақсы түсінемін, – деді Амиди парламенттегі ант қабылдау рәсімінде. – Атқарушы, заң шығарушы және сот билігі тармақтарымен бірлесіп жұмыс істеуге бейілділігімді растаймын.

Жаңа президент өз қызметін «Ең алдымен Ирак» қағидаты негізінде жүргізетінін атап өтті. Сондай-ақ елге қарсы бағытталған шабуылдарды айыптап, соғысты тоқтатуға бағытталған күш-жігерді қолдайтынын білдірді.

Амиди 1968 жылы Ирактың жартылай автономды Күрдістан өңіріндегі Дахук қаласында дүниеге келген. Ол Мосул университетінде техникалық білім алған. 2022–2024 жылдары Ирактың қоршаған орта министрі қызметін атқарған. Сонымен қатар Жалал Талабани, Фуад Масум және Абдул-Латиф Рашид сынды елдің бірнеше президентіне кеңесші болған.

Конституцияға сәйкес, енді Амиди 15 күн ішінде парламенттегі ең ірі блокқа үкімет құруды тапсыруы тиіс. Одан кейін министрлер кабинетін жасақтауға тағы 30 күн уақыт беріледі.

Саяси күштердің басты назары енді билік жүйесіндегі ең маңызды әрі ең даулы лауазым – премьер-министрді таңдауға ауысатыны күтіліп отыр.

Қолданыстағы өкілеттіктерді бөлу жүйесіне сәйкес, президент лауазымын дәстүрлі түрде күрд қауымының өкілі иеленеді, премьер-министр мұсылман-шиит өкілі болады, ал парламент спикері қызметін мұсылман-сүннит өкілі атқарады. Бұл елдегі негізгі саяси және конфессиялық топтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.

Еске салайық, Иракта парламент сайлауы 2025 жылғы қараша айында өтіп, жаңа парламентті қалыптастыруға, президентті сайлауға және кейіннен үкімет құру үдерісіне бастау берген еді.

Соңғы жаңалықтар