Ирак және Қазақстан ынтымақтастығының келешегін оң бағалап отырмыз - ҚР-дағы Ирактың істері бойынша сенімді өкілі Юнус С. Сархан

- Құрметті Юнус мырза, қалыптасқан қазақстандық-ирактық қатынастардың деңгейін және осы байланыстардың әлеуетін қалай қалай бағалар едіңіз?
- Екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы орнаған болатын. Біздің елдердің өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша ұстанымдары көп жағынан ұқсас болып отырғандығы өте маңызды. Атап айтқанда, Ирак тарапы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамаларына қолдау білдіргені белгілі. Саяси тұрғыдан алып қарағанда, екіжақты қатынастардың деңгейін жақсы дәрежеде екенін атап өткен жөн. Жалпы, біздің елдер арасында көптеген халықаралық қарым-қатынастардың мәселелері бойынша өзара түсіністік бар. Оның ішінде қазіргі кезде Иракта орын алып жатқан үдерістерге қатысты. 2015 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясы аясында Қазақстан мен Ирак сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтіп, бұл өз кезегінде біздің байланыстарды бұдан ары қарай нығайтуға елеулі ықпал етті.
Егер де экономикалық және сауда қатынастарына тоқталатын болсақ, қос тарап та бұл бағытты дамытуға мүдделілік танытуда. Осы салада өзара түсіністік туралы құжаттарды даярлау соңғы кезеңде тұр.
- Екіжақты ынтымақтастықта қандай бағыттарға басымдық берер едіңіз?
- Біз бір-бірімізге түрлі халықаралық ұйымдар аясында қолдау көрсетудеміз, сонымен қатар екі ел арасындағы сауда-экономикалық песпективаларды оптимистік бағалаймыз. Ирак тұтынатын азық-түліктің ауқымды бөлігін импорттайды, оның ішінде бидайды да сырттан алып келуде. Атап айтқанда, әлемде Қазақстанның бидайы жоғары сапасымен бағалануда, сондай-ақ Қазақстандағы қой және ірі қара мал еті де сапасымен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдағы басымдықтар осы өнімдерді Иракқа жеткізуде ынталандыра алады.
Бұдан бөлек, Қазақстан қарудың бірнеше түрін, бронды көлікті және әскери мақсаттағы басқа да өнімдерді шығаруда. Осы орайда Қазақстанның өкілетті органдары мүмкіндікті пайдаланып, 2016 жылы Бағдадта қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы көрмеге қатысады деп үміттенеміз. Мұнымен қоса, мұнай және газ өндіруші елдер ретінде Ирак пен Қазақстан осы салада тәжірибе алмасып, мұнай саясаты мәселелері бойынша өздерінің көзқарастарымен бөлісе алады.
- Қазақстан басшылығы Ислам әлемі елдерімен қатынастарды дамытуға ерекше назар аударып отыр, оның ішінде Ирак та бар. Сіздердің елдеріңізде исламдық ынтымақтастықты дамыту бойынша Қазақстанның бастамаларын қалай бағалап отыр?
- Қазақстан 1996 жылы Ислам Конференциясы Ұйымының толық құқылы мүшесі болды. Ал 2011 жылы Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясынан кейін, яғни Қазақстан ИКҰ-ға төрағалықты қабылдаған кезде қазақстандық-ирактық қатынастарда, сондай-ақ Ислам әлемінде ынтымақтастық және интеграция үдерістерінде жаңа кезең басталды. Осы отырыстың барысында Ұйымның атауын Ислам Ынтымақтастық Ұйымына өзгерту шешімі қабылданып, оның аясында Адам құқықтары жөніндегі комитет құрылды. Ұйымның тарихында алғаш рет ИЫҰ және Орталық Азия елдері арасында ынтымақтастық бойынша жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар сессияда жарияланған Н. Назарбаевтың бастамалары жұмыс қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияның негізі болды. Бұл құжат 21 ғасырда Ислам әлемінің гүлденуі үшін қажетті жаңғырту мен реформаларды қамтып отыр. Өзінің төрағалығы кезінде Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдермен бірлесе үлкен жұмыстар атқарды.
Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымы, ядролық сынақтардан зардап шеккен жерлер мен Арал теңізін қалпына келтіру, өзара азық-түлік көмегі жүйесін құру және басқа да маңызды мәселелерге қатысты Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылды.
ИЫҰ жаһандық қауіпсіздікті нығайту мен Ұйымның ықпалды өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылы саласындағы, АӨСШК кеңесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуде Қазақстанға қолдау көрсетуде.
- Қазақстанда шетел инвесторлары үшін қолайлы жағдай жасалған, әсіресе, өнеркәсіптің өңдеуші секторында. Қазақстандағы атқарылып жатқан жұмыстарға Ирактың индустриалды компаниялары қызығушылық танытып отыр ма?
- Әрине, инвестиция үшін мүмкіндік жасалған жерлерге бизнесмендердің белсенді тартылатыны анық. Өздерінің салаларында үлкен тәжірибе жинаған және Қазақстанға инвестиция салуға мүмкіндіктері бар көптеген ирактық бизнесмендер бар. Алайда, екі ел бизнесмендері арасында байланыстырдың тиісті деңгейде дамымауы мен олардың өзара сапарлармен алмасудың төмен деңгейі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуға кедергі болуда. 2012 жылы Қазақстанға Ирактың Сауда палатасының делегациясы келіп, Иракта Қазақстанның сауда орталығын ашуды және оны күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстарды ирактық тарап өтейтіндігі туралы ұсынды. Сол кезде екі елдің сауда палаталары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мен Ирак-Қазақстан іскерлік кеңесін құру ниеті айтылған еді.
Қазіргі кезде Иракқа Қазақстанның халықаралық сауда палатасы делегациясының сапары жоспарланып отыр. Осы орайда сауда мен инвестициялаудың мүмкіндіктерімен танысу мақсат етіп көзделуде. Бұл тұрғыда екіжақты ынтымақтастың осы бағытын дамытуға тың серпін беріледі деген ойдамын.
- Елдеріңіз үшін Қазақстан қай бағыттарда қызықтырып отыр, қай салаларда Ирак тарапы Қазақстанмен тәжірибесімен бөлісе алады?
- Егер де Ирактың сыртқы саясатына тоқталатын болсақ, бұл тұрғыда біз әлемнің барша елдері үшін ашықпыз. Барлық мемлекеттермен өзара сыйластық, өзара тиімді табысты қатынастарға және өзге елдердің ішкі істеріне араласпау секілді мақсаттарға негізделген. Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы ерекше дамыған ел болып табылады. Атап айтқанда, елдеріңіз өңірде қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайту үшін белсенді жұмыс істеуде, сонымен қатар экономикалық қуатты мемлекет. Осы тұрғыда бұл сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды дамыту үшін, мәдениет, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу саласында тәжірибе алмасу үшін жақсы негіз болар еді.
- Қазіргі кезде Иракта ішкі саяси жағдай қалай қалыптасуда, «Ислам мемлекетімен» күресте жетістіктер бар ма?
- Бүгінде еліміздің бөлігін басып алған, бірнеше қалаларымыздың тұрғындарын босқын еткен «Ирак және Левант ислам мемлекетімен» күресте Ирак алдыңғы шепте тұр. Содырлар еліміздің көптеген азаматтарын діни сеніміне байланысты өлтірді.
Сонымен қатар Бағдаттың және басқа елді мекендердегі көшелер мен базарларда үнемі жарылғыш зат салынған көліктер жарылып, бейбіт тұрғындардың өмірін қиып жатыр. Содырлар жарылғыш зат бекітілген белдіктермен жанкешкі лаңкестерді терактілер жасауға жіберуде.
«Ислам мемлекеті» діни экстремистерден және бұрынғы БААС партиясының жақтастарынан құралып, Исламды жамылып жүр. Бұл аралас ұйымда өзінің идеологиясы мен ұраны бар. «ИМ» Ирактың кез келген діндегі азаматтарына қатер тудырып отыр. Олар өздерінің көзқарастарымен келіспейтіндердің баршасын қыру тұрғысында діни ұрандармен көрініс тапқан идеологияның незгінде пайда болды. Бұлар инкубатор іспеттес, яғни жүрегі жауыздыққа толы лаңкестерді көптеп тәрбиелеуде.
Лаңкестерді қаржыландырудың жүйесі бірнеше елдерде шашыраңқы орныққан. Сонымен қатар олар Ирак пен Сирияда басып алған жерлерде мұнайды сатудан табыс алуда.
Иракта осы «Ислам мемлекетін» жеңу - барша әлемде лаңкестікті жеңумен теңбе-тең екеніне сенімдіміз. Сондықтан да осы күресте барша елдерді Ирак Үкіметіне барынша көмектесуге шақырамыз. Осы көмек лаңкестіктің тамырын шабуға, Ирактың егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Ержүрек әскерінің арқасында Ирак тарапы лаңкестердің алға жылжуын тоқтатуға қауқарлы болды. Осы орайда бүгінде еліміздің қауіпсіздік күштері құралған жасақтар мен халықаралық коалицияның әуеден жасалған қолдауы көмегімен лаңкестерді жеңіп келеді.
Содырлар көптеген аудандардан ығыстырылды. Қазіргі кезде «Ислам мемлекетінің» қадағалауында Ирак аумағының 17 пайызға жуық жері қалып отыр. Бұның алдында олар жеріміздің 40 пайызында орныққан болатын. Қазақстан халқы біздің елімізде және жалпы өңірдегі ахуал бойынша айтарлықтай хабардар деп ойлаймын.
-Әңгімеңізге рахмет!