12:34, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Иракта бейбітшілік орнатуға қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін - АҚШ генерал-майоры Б.Петреус
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Бүгін Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Болат Сембинов Астанаға екі күндік сапармен келген АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы генерал-майор Дэвид Петреуспен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.АҚШ генерал-майоры Д.Петреус пен генерал-лейтенант Болат Сембиновтың кездесуінде Ирактағы Қазақстан бітімгерлерінің жұмыстары қорытындыланып, жауынгерлер мен офицерлердің атқарған еңбектері ерекше аталып өтілді. «Отырыста әріптестікті дамыту жағынан аса маңызды болып саналатын АҚШ пен Қазақстан арасында әскери саладағы Ынтымақтастық туралы бесжылдық келісімшарт сипаттары қаралды. Бұл құжат былтыр ақпан айында қабылданып, онда жоғары білімді әскери мамандарды дайындау, елдің бітімгерлік мүмкіндіктерін нығайту, әскери-техникалық бағдарламалар жайы және тағы басқа мәселелер сөз болды», деп атап көрсетті Б.Сембинов.«Орталық Азия аймағына сапарымыз ең бірінші Қазақстаннан басталып отыр. Бұл өз кезегінде біздің тарапымыздан Қазақстанды аймақтағы ірі әріптес ретінде ғана емес, сонымен бірге Әлемдік саяси сахнадағы ірі ойыншы ретінде қабылдап отырғанымызды білдіреді. Иракта бейбітшілік орнатуға қосқан елеулі үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін», деді Б.Петреус.Кездесу соңында полковник Ерлан Таласбаев АҚШ-тың «Ерекше еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Иракта болған бітімгерлердің ең үздік 24 сарбазына естелік білгілері табыс етілді.