Иракта рекордтық аптап ыстықтан электр жүйесі істен шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні Ирактың бүкіл электр энергиясы жүйесі аномальді ыстық пен электр тұтынудың күрт өсуіне байланысты істен шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ирак Электр энергетика министрлігінің мәліметінше, электрдің өшуі Бабиль мен Кербела провинцияларында шамадан тыс жүктемеге түскен екі электр жеткізу желісінің тоқтап қалуынан кейін болған. Бұл өңірлерге «Арбаин» атты шиизмдегі діни рәсімге қатысу үшін миллиондаған қажылар келген еді.
Апат салдарынан 6 мың мегаваттан астам қуат кенеттен жоғалды және бірқатар электр станциялары тоқтап қалды.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, бұл жағдай елдің көпшілік аймағына әсер еткен, тек Ирак Күрдістаны автономиясында ғана сөнбеген. Онда энергетика секторын жаңғырту нәтижесінде халықтың шамамен үштен біріне тәулік бойы электр беру мүмкіндігі бар. Дүйсенбі кешіне қарай Ди-Кар мен Мисанның оңтүстік провинцияларында электр беру кезең-кезеңмен қалпына келтіріле бастады.
Ауа райы қызметінің болжамынша, кейбір өңірлерде 50°C-қа дейін жеткен аптап ыстық бір аптадан астам уақыт сақталады. Ведомство өкілі Амер әл-Джабери Ирактағы аптап толқындары өткен ғасырға қарағанда «неғұрлым қарқынды әрі жиі» болып кеткенін атап өтіп, оған климаттың өзгеруі мен адам факторын себеп ретінде келтірді.
Оның айтуынша, елде тұрғындардың басым бөлігі пайдаланатын жеке генераторлардан шығатын газ да температураның өсуіне ықпал етеді.
ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемі бойынша екінші ірі елі саналатын Ирак жазда электр энергиясының созылмалы тапшылығын сезінеді. Бұл кезеңде тұрақты жұмыс істеу үшін елге шамамен 55 мың мегаватт қажет, алайда биылғы айда энергетика жүйесі алғаш рет тек 28 мың мегаватт өндіріс деңгейіне жете алды.
Сейсенбі күні Ирак Электр энергетика министрі Зияд Али Фадель Басра, астана Бағдад, сондай-ақ оңтүстік және орталық Ирактың көпшілік қалаларын қамтыған ұлттық деңгейдегі электр сөну фактісі бойынша тергеу жүргізетін арнайы комиссия құруға тапсырма берді.
Тұрғындардың айтуынша, жеке генераторлар жұмыс істеп тұрса да, үйлерді толыққанды салқындату мүмкін болмай отыр.
Ирак электр энергиясының тапшылығын энергия жүйесіндегі жоғары жүктеме, шектеулі өндірістік қуат және табиғи газ импортына тәуелділік салдарынан сезініп отыр. Билік халықты электрді үнемдеуге және ең көп тұтыну сағаттарында қуаты жоғары тұрмыстық техниканы пайдалануды шектеуге шақырды.
Бұған дейін Швейцарияда да экстремалды ыстыққа байланысты атом электр станциясы тоқтатылған еді.