Иракта жалпыұлттық сайлаудың дауыс беру үдерісі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Иракта жалпыұлттық сайлауда дауыс беру кезеңі ресми түрде аяқталып, елдегі сайлау учаскелері жабылды, деп хабарлайды Анадолу.

Иракта жалпыұлттық сайлауда дауыс беру үдерісі аяқталды
Фото: Анадолу

Елдің Тәуелсіз Жоғары сайлау комиссиясы бүкіл ел аумағында дауыс беру аяқталғанын және сайлау учаскелерінің жабылғанын хабарлады.

Комиссияның мәліметінше, сайлау барысында ешқандай техникалық немесе әкімшілік заңбұзушылықтар тіркелмеген.

Бұл жолғы жалпыұлттық сайлауда Ирак парламентіндегі 329 орын үшін 7 744 кандидат бақ сынады.

Жоғары сайлау комиссиясы сайлау нәтижелері дауыс беру учаскелері жабылғаннан кейін 24 сағат ішінде жарияланатынын мәлімдеді.

Ирактағы парламент сайлауы елдің жаңа президентін және премьер-министрін таңдау жұмысының басталуына жол ашады. Конституциялық дәстүрге сәйкес, негізінен символикалық қызмет саналатын президент лауазымы күрд өкілдеріне беріледі. Ал премьер-министрді анықтау және жаңа үкіметті құру саяси келісім негізінде жүзеге асатындықтан, бұл үдеріс бірнеше айға созылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін Иракта парламент сайлауында дауыс беру басталғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар