Иран АҚШ соққы жасаса, қақтығыс ауқымын кеңейтетінін ескертті

АСТАНА. KAZINFORM — Ормуз бұғазындағы жаңа әскери оқиғалар мен дипломатиялық байланыстардың жалғасуына қарамастан, Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленіс әлі де ушығып тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Иран АҚШ соққы жасаса, қақтығыс ауқымын кеңейтетінін ескертті
Фото: Mehr

Иран армиясының өкілі, бригада генералы Мұхаммед Акраминья АҚШ қайтадан соққы жасаған жағдайда, Тегеран бұдан да ауқымды шабуыл жасайтынын және әскери текетірестің географиясы Таяу Шығыстан тыс жерлерге таралатынын ескертті. Бұл туралы 3 қарашада Иранның Mehr агенттігі хабарлады. 

— Егер атыс Азиямен ғана шектелмейді, — деді Акраминья.

Оның айтуынша, Иран қарулы күштері шабуыл жасалуы мүмкін нысандар тізімін жаңартып жатыр.

Әскери қақтығыс қайта өршісе, Иран қаруы жететін аумақтағы АҚШ-тың әскери нысандары, техникасы, әскері мен өзге де мүдделеріне соққы жасамақ.

Иран армиясы өкілінің сөзінше, Тегеранның қарсыластары елдің батыс шекарасында жаңа құрлық майданын ашу үшін Ирактың солтүстігіндегі Ирак Күрдістанында орналасқан үкіметке қарсы қарулы топтарды пайдалануды көздеген.

Сонымен қатар Акраминьян Иран әскери бөлімдерін орналастырып, қарулы топтардың бекіністеріне алдын ала соққы беру арқылы қарсыластарының бұл жоспарына тосқауыл қойғанын айтты.

Бұл мәлімдемелер АҚШ-тың Ормуз бұғазы маңындағы Иран нысандарына, соның ішінде Кешм аралына шектеулі соққы жасағаны туралы америкалық БАҚ-та тараған ақпарат аясында айтылды.  АҚШ билігі бұл операциялардың қорғаныс мақсатында жүргізілгенін және әзірге қақтығысты ушықтыру жоспары жоқ екенін хабарлады.

Сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар жалғасып жатыр. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Иранмен арадағы жанама келіссөздерде ілгерілеушілік барын мәлімдесе, Тегеран келісімге қол қоймас бұрын АҚШ-тың теңіз блокадасын тоқтатып, өз талаптарын орындауды талап етіп отыр.

Бұған дейін АҚШ талаптарын орындаса, Иран Ормуз бұғазын екі күнде ашуға дайын екенін мәлімдегенін жазған едік.