Иран аптап ыстық пен электр энергиясының тапшылығына байланысты мемлекеттік мекемелерді жаппақ
АСТАНА. KAZINFORM – Аптап ыстық пен су деңгейінің төмендеуі, соның салдарынан электр энергиясының көп тұтынылуы Иран билігін төтенше шаралар қолдануға мәжбүрлеп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран биілігі аптап ыстық салдарынан электр энергиясын тұтыну көлемін азайту үшін сәрсенбі күні бірқатар провинцияда мемлекеттік мекемелерді жабу туралы шешім қабылдады.
IRNA ақпарат агенттігінің мәліметінше, елдің 31 провинциясының кемінде 15-інде мемлекеттік мекемелер не толық жабылады, не қысқартылған жұмыс күніне көшеді.
Тізімдегі өңірлер қатарына солтүстік-батыстағы Батыс Әзербайжан мен Ардебиль, оңтүстікте Хормозган, солтүстікте Алборз және ел астанаы Тегеран кіреді.
Тегеран губернаторы Мохаммад Садек Мотамедианның хабарлауынша, бұл шешім Энергетика министрлігінің сұранысы бойынша қабылданған. Мақсат — су және электр энергиясы салаларында ресурстарды тұтынуды реттеу.
Шұғыл және маңызды қызметтер қалыпты режимде жұмысын жалғастырады.
Иранның энергетика министрі Әли-Акбар Мехребиан аптап ыстықтың елде электр энергиясын тұтыну көлемін 9 пайызға арттырғанын мәлімдеді. Ал билік өкілдері бұл өсім 6 пайыз болады деп болжаған.
Шілде айының ортасынан бері Иранда күн ерекше ыстық болып тұр. Елдің оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы 50°C-тан асып кеткен. Бұл жағдай энергия жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне және бүкіл ел бойынша электр қуатының жаппай өшуіне әкелді.
Сондай-ақ, су қоймаларындағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты билік Тегеранда ауызсу қысымын азайтуға мәжбүр болды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, қазіргі құрғақшылық — соңғы жүз жылдағы ең күрделісі.
Осыған дейін Қытайда энергия жүйесіне түсетін жүктеме аптап ыстық салдарынан рекорд жаңартқаны туралы жазған едік.