Иран армиясы Тель-Авивтегі ауданнан эвакуация жүргізуді талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Тегерандағы бір ауданнан эвакуация туралы ескерту жасағаннан кейін, Иран армиясы да Тель-Авивтегі Неве-Цедек ауданын эвакуациялау туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Анадолы.

Иран армиясының мәлімдемесінде Тель-Авив қаласындағы «сионистік қоныс» саналатын Неве-Цедек ауданын эвакуациялау қажеттігі айтылған.
— Оккупациялық күштер бұл басып алынған аумақты дереу тастап кетуі керек, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Израиль армиясы Тегеранның оңтүстігіндегі 18-ауданға ескерту жариялап, бұл аймаққа шабуыл жасалатынын мәлімдеген еді.
Қақтығыс Израильдің Иранға жаппай соққы беруінен басталды.
13 маусымда Израиль Иран Республикасының әртүрлі қалаларында орналасқан ядролық нысандар мен елдің жоғары әскери басшылығына қарсы ауқымды соққылар жасады.
Шабуылдар салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылары корпусының бас қолбасшысы, бірнеше жоғары шенді әскери қызметкерлер, сондай-ақ ядролық зерттеулермен айналысатын тоғыз ирандық маман қаза тапты. Азаматтық халық арасында қаза тапқандар саны 224 адамға жетті.
Жауап ретінде Иран Израиль аумағына баллистикалық зымырандармен соққы жасады. Ресми мәлімет бойынша, бұл шабуылдардан 24 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жараланған.
Түркияны қоса алғанда, бірқатар ел Израильдің әрекетін қатаң айыптады.
Айта кетелік конгресмендер Трамптың Израиль-Иран қақтығысына араласу өкілеттігін шектеуге тырысып отырғаны туралы жазған едік.