Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ұшақтар Ташкент әуежайына қонып жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Иран әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты халықаралық рейс орындаған бірнеше ұшақ Өзбекстан астанасындағы қосалқы әуежайларға қонды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгін «Ташкент-Джидда» бағыты бойынша рейс орындаған Uzbekistan Airways әуекомпаниясының ұшағы Ташкентке қонды.
Сонымен қатар Ташкенттен Дубайға бағыт алған Fly Dubai әуекомпаниясының ұшағы Өзбекстан астанасына аялдады. Жолаушылар әуежай терминалына уақытша орналастырылды.
Сондай-ақ «Алматы-Шарм-эль Шейх», «Сеул-Доха» бағытында жолаушылар тасымалдайтын Air Cairo және Qatar Airways компанияларына тиесілі ұшақтар да Ташкент әуежайына қонды. Ал «Ташкент – Доха» рейсінің уақыты кейінге шегерілді.
Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израильдің әскери-әуе күштері Иранға соққы жасады. Кейін ресми Иерусалим төтенше жағдай режимін жариялап, өзінің әуе кеңістігін жапты.
Соққыға жауап ретінде Иран Израильге 100-ден астам дрон жіберді.