Иран бес елден өтемақы талап етті
АСТАНА. KAZINFORM – Тиісті талаптар БҰҰ Бас хатшысы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына жолданған хаттарда бар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Ираванидің айтуынша, араб елдері Халықаралық құқық нормаларын бұзды және Иранға заңсыз әрекеттер салдарынан келтірілген шығынды өтеуге міндетті.
- Агрессор Иран Ислам Республикасына қарсы агрессия актілерін жасау үшін Бахрейн Корольдігі, Сауд Арабиясы Корольдігі, Қатар мемлекеті, Біріккен Араб Әмірліктері және Иордания Хашимит Корольдігінің аумақтарын пайдаланды. Иран Ислам Республикасы Қауіпсіздік Кеңесіне агрессордың бұл елдердің аумақтарын пайдаланғанын ғана емес, сонымен қатар кей жағдайларда олардың Иранның азаматтық инфрақұрылымына қарсы заңсыз шабуылдарға қатысы бар екеніне дәлелдерді ұсынды, - деп хабарлады Tasnim News хаттар мазмұнын.
Аталған елдердің Тегеранға қарсы «Израиль мен АҚШ-тың соғыстағы серіктестері ретінде әрекет ету» арқылы Иран Ислам Республикасы алдындағы халықаралық міндеттемелерін бұзғаны және сондықтан халықаралық жауапкершілікті мойнына алатыны және Иранға заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген материалдық және моральдық залалды қоса алғанда, келтірілген шығынды толық өтеуі тиіс екені атап өтілген.
Осыған дейін АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізгенін хабарлаған болатынбыз.
Ал Си Цзиньпин Таяу Шығыста бейбітшілікті сақтаудың төрт тармағын ұсынды.