Иран БҰҰ санкцияларының қайта күшіне енуіне қатаң жауап беретінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран Иранның ядролық бағдарламасына қатысты БҰҰ санкциялары қайта күшіне енген соң «қатаң әрі лайықты жауап» беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды DW.

Иран БҰҰ санкцияларының қайта күшіне енуіне қатаң жауап беретінін мәлімдеді
Фото: haqqin.az

Иран Сыртқы істер министрлігінің 28 қыркүйекте таратқан мәлімдемесінде: «Ислам Республикасы өз құқықтары мен ұлттық мүдделерін табанды түрде қорғайды. Халықтың мүдделері мен құқықтарына қарсы кез келген әрекетке қатаң әрі лайықты жауап беріледі», – делінген.

Сонымен қатар Иран халықаралық қауымдастықты санкцияларға қарсы тұруға шақырды.

Тегеранның пікірінше, оларды қайта енгізу «құқықтық тұрғыдан негізсіз әрі қабылдауға болмайтын қадам».

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Иранға қатысты санкциялары 28 қыркүйекке қараған түні қайта күшіне енді. Бұл шектеулер 2015 жылы Тегеранның ядролық бағдарламасына байланысты қол қойылған Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары аясында тоқтатылған болатын. Аталған келісімде Иран тарапынан елеулі бұзушылықтар анықталса, санкциялардың қайта енгізілетіні қарастырылған еді.

2018 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп елін келісімнен шығарып, Тегеранды міндеттемелерін орындамады деп айыптап, жаңа санкциялар енгізген болатын. Осыдан кейін Иран келісім аясындағы өз міндеттемелерін біртіндеп орындаудан бас тартып, ядролық нысандарда уран байытуды қайта бастады.

АҚШ билігінің бағалауынша, Иран келісімде белгіленген норманы төрт есеге асырып отыр.

2025 жылғы тамыз айының соңында Ұлыбритания, Германия және Франция сыртқы істер министрлері БҰҰ Бас хатшысына және Қауіпсіздік Кеңесі төрағасына жолдаған хатында Тегеранды Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары шарттарын орындамады деп айыптап, санкцияларды қайта енгізуді талап етті. Осылайша олар ядролық келісімде көрсетілген «санкцияларды автоматты түрде қайта енгізу тетігін» (Snapback) іске қосты, ол санкцияларды жедел қалпына келтіруді көздейді.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қатысты санкцияларды тоқтата алмағаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар