Иран ХАМАС-тың шабуылына қатысы жоқ екенін мәлімдеді
Иран Израиль аумағына ХАМАС әскері жасаған шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлім етті, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

«Біз Палестинаға қолдау көрсетуді табанды түрде қуаттаймыз. Бірақ біз Палестинаның жауапты реакциясына қатысып жатқан жоқпыз. Себебі мұндай шешімді Палестина өзі қабылдайды. Палестина қабылдаған шешуші шаралар – жетпіс жылға жалғасқан заңсыз сионизм режимі жасаған басқыншылық пен зұлым қылмыстардан толығымен заңды түрде қорғануды білдіреді», –делінген БҰҰ жанындағы Иран миссиясының мәлімдемесінде.
Иран Сыртқы істер миистрлігінің өкілі өңірдегі жағдайға байланысты аталған ел жедел түрде Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) отырысын шақыратынын мәлім етті.
Жергілікті БАҚ хабарлауынша, оңтүстіктегі және орталықтағы қалаларда зымырандар туралы жаңа ескертулер жарияланды. Соққылар жөнінде дабыл барлық оңтүстік өңірде және Тель-Авивтен оңтүстікке қарай орналасқан қалаларда, оның ішінде Холон мен Ришон-ле-Ционда естіліп жатыр.
Сенбі күні палестиналық ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, ел соғыс жағдайына көшкеннен кейін бірқатар мемлекет азаматтарын Израильден эвакуациялауды ұйымдастырғанын еске сала кетейік.
Дүйсенбі күні таңертең Израиль әскерінің ресми өкілі барлық елді мекен бақылауға алынғанын және Израиль аумағында әскери іс-қимыл жүргізіліп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Дегенмен Израиль аумағында әлі де ХАМАС әскері болуы мүмкін екені айтылады.
Бүгін ХАМАС Тель-Авивтегі әуежайға зымыран ұшырғаны белгілі болды. Сондай-ақ Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Газаның толық оқшауланғанын мәлім етті. Ол жақта жарық, тамақ және отын жоқ.