Иран-Израиль қақтығысынан кейін 500-ге жуық әзербайжандық елшілікке жүгінді

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан азаматтарынан Ирандағы елшілік пен Тебриздегі бас консулдыққа 500-ге жуық өтініш келіп түсті, деп жазады АЗЕРТАДЖ.

Әзербайжан
Фото: Азертадж

Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа байланысты Әзербайжанның Израиль мемлекетіндегі және Иран Ислам Республикасындағы елшіліктерінде, сондай-ақ Тебриз қаласындағы бас консулдығында ашылған «жедел желіге» келіп түскен өтініштер күн сайын қаралып жатыр. Бұл туралы Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айхан Гаджизаде мәлім етті.

Оның айтуынша, Ираннан шығуға ниетті Әзербайжан және өзге елдердің азаматтарына құрлық арқылы өтуге қажетті рұқсат алу шаралары жалғасып жатыр. Ал Израильдегі Әзербайжан азаматтары көршілес Мысыр мен Иорданияға жөнелтілуде.

Айхан Гаджизаденің мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін Ирандағы елшілік пен Тебриздегі бас консулдыққа Әзербайжан азаматтарынан жалпы 500-ге жуық өтініш келіп түскен. Олардың ішінде 60-тан астам адам шекарадан өтіп үлгерді. Бұдан бөлек, 51 елдің 1200-ден астам азаматының өтініші қаралып жатыр.

— Израильден Иорданияға өту үшін 34 азаматымызға қатысты тиісті шаралар қабылданды, — деді СІМ ресми өкілі.

Бұған дейін хабарланғандай, Әзербайжан шекарасы арқылы Ираннан 6 қазақстандық эвакуацияланды.

Соңғы жаңалықтар