Иран Израиль мен АҚШ нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Израильдегі мұнай өңдеу зауыттарына және АҚШ әскери-теңіз күштерінің Бесінші флотына соққы жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu.
Иран тарапының мәліметінше, соққы Хайфа мен Ришон-ле-Цион қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарына жасалған. Сонымен қатар Тель-Авивтегі Бен-Гурион әуежайы да шабуыл нысандарының қатарында болған.
ИРСК бұл операция «Шынайы уәде-4» деп аталып, оның 64-толқыны жүргізілгенін хабарлады.
Бұған дейін Израиль Иран мен Қатар бірлесіп пайдаланатын әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі – «Оңтүстік Парсы» кен орнына соққы жасағаны хабарланған.
Осы оқиғадан кейін Иран аймақтағы шиеленіс күшейген жағдайда Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Қатардағы энергетикалық нысандарға да шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескерткен.
Аймақтағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Сарапшылар Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы мұнай нарығына және жаһандық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.
Еске салайық, Трамп Қатарға шабуыл жасалса, Иранның Оңтүстік Парсы газ кен орнына қауіп төнетінін ескертті.