Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Иран Израильдің шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитетінің мүшесі Исмаил Косари мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

- Ормуз бұғазын жабу мәселесі қазір қарастырылып жатыр және Иран тиісті шешім қабылдаудан тартынбайды, - деп келтіреді оның сөзін ирандық Rokna порталы.
Сұйытылған табиғи газдың әлемдік жеткізілімінің 30%-на дейін және мұнай мен мұнай өнімдерінің жаһандық экспортының 20%-на дейін Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Иран билігі бұған дейін ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда Ормуз бұғазында кеме қатынасын шектей алатынын бірнеше рет ескерткен.
Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның ағып кеткенін жоққа шығарды.
Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.