Иран Израильдің аспанын толық бақылауға алғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (IRGC немесе КСИР) Тель-Авивтің кейбір бөліктеріндегі тұрғындарды эвакуациялауға шақырып, ескерту жариялады. Бұл туралы Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.

Оған дейін ұқсас ескерту Иран тұрғындарына да жасалған болатын – бұл жолы Израиль армиясы әлеуметтік желілер арқылы Тегеранның бір ауданындағы әскери нысандарға соққы жасалатынын хабарлаған.
КСИР сонымен қатар Израильдің әуе кеңістігін толық бақылауға алғанын мәлімдеді.
Иранның бұл мәлімдемесіне себеп – Израильге жасалған соңғы зымыран соққысы. КСИР өкілдерінің айтуынша, бұл шабуыл олардың Израиль аспанын бақылауға алғанын дәлелдейді.
Израиль Қорғаныс армиясы түнгі уақытта Иран тарапынан шамамен 25 зымыран екі кезеңде бір сағат ішінде атылғанын хабарлады. Бұл шабуылдың нақты салдары туралы ақпарат жарияланған жоқ. Израильдік медициналық қызмет өкілдері жарақат алғандар бойынша шақыртулар түспегенін мәлімдеген.
Айта кетейік, Иран Израильге тағы бірнеше зымыран жіберді.
Ұлыбританияның сыртқы барлау қызметі — MI6-тың бұрынғы басшысы Джон Сойерс BBC-ге берген сұхбатында Израиль Ирандағы кейбір аса маңызды ядролық нысандарға шабуыл жасамағанын, өйткені олар терең жерасты бекіністерінде орналасқанын айтты.
Еуропалық дипломатия басшысы Кая Каллас АҚШ-тың араласуы Таяу Шығыстағы қақтығыстың өршуіне әкелетінін айтты.