Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иран келісімге мүдделі, бірақ АҚШ ұсынған шарттарға дайын емес – Трамп

АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-пен келісімге мүдделі, алайда әзірше өзі «дұрыс мәміле» деп санайтын шарттарды қабылдауға дайын емес. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Republic басылымына сілтеме жасап.

Дональд Трамп
Фото: aljazeera.com

Өңірдегі шиеленіс сақталып отырған тұста Трамп АҚШ-тың аймақтағы негізгі аумақтарды, соның ішінде Ормуз бұғазы маңын бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ АҚШ президенті Иранның экономикалық жағдайының ауыр екенін, атап айтқанда елде инфляция деңгейі жоғары екенін және әскери ресурстардың жетіспейтінін айтты.

Трамп Иранға қарсы экономикалық шаралар АҚШ-тың әскери мүмкіндіктері шектеулі дегенді білдірмейтінін мәлімдеді.

— Олардың ақшасы жоқ, флоты жоқ, авиациясы жоқ. Олар сарбаздарына жалақы төлемейді, полиция қызметкерлеріне де жалақы төлемейді. Оларда инфляция 350% деңгейінде, — деді Дональд Трамп.

АҚШ президентінің айтуынша, Иран келісімге қол жеткізуге мүдделі болғанымен, Вашингтон ұсынған шарттарға әзірше келіспеген.

— Олар келісімге қуана-қуана келер еді, бірақ менің ойымша, олар дұрыс мәмілеге келуге әлі дайын емес, — деді президент АҚШ.

Бұған дейін Трамп Иранға қарсы тарихтағы «ең жойқын экономикалық операцияны» бастағанын мәлімдеп, Тегеранға қаржылық, іскерлік немесе мемлекеттік қолдау көрсететін елдерге «орасан зор экономикалық салдар» болатынын ескерткен.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Трамптың Тегеранға экономикалық қысым жасау жөніндегі соңғы науқанын сынап, оны сәтсіздікке ұшырады деп бағалады.

Еске салайық, бұған дейін Иран АҚШ-тың қоқан-лоқысына жауап ретінде күйрете соққы беретінін айтқан еді.