Иран құрамасы футболдан әлем чемпионатына қатыспайды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл жазда АҚШ-та футболдан әлем чемпионаты өтеді. Дегенмен Иранның спорт және жастар министрі Ахмад Доньямали мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында ел футболшылары АҚШ-та қауіпсіз болмайтынын айтты, деп хабарлайды Еuronews.
Министрдің айтуынша, Канада, АҚШ және Мексика бірлесіп өткізетін әлем чемпионатына Иран құрамасының қатысуы «мүмкін емес».
Биыл Иран құрамасының әлем чемпионатына қатысуы жоспарланған болатын, бірақ министр Ахмад Доньямали футболшылардың АҚШ-та қауіпсіз еместігін айтып, олардың қатыса алмайтынын мәлімдеді. Бұл сұхбат бейнежазбада жарияланды.
— Олар Иранға қарсы жасаған зұлым әрекеттері — 8–9 ай ішінде бізге екі соғыс жүргізіп, мыңдаған халқымызды өлтіріп, азаптады — біз әлем чемпионатына қатыса алмаймыз, — деді Доньямали.
Иран құрамасы 15 маусымда Калифорниядағы Инглвуд қаласында Жаңа Зеландиямен, 21 маусымда Бельгиямен ойнап, ал топтық кезеңді 26 маусымда Сиэтлде Египетпен аяқтауы тиіс еді.
ФИФА Иран құрамасына АҚШ-қа баруға рұқсат беріледі деп күтуде.
Өткен аптада президент Дональд Трамп осы сұраққа жауап берді.
— Иран құрамасы 48 ел қатысатын турнирге қатыса ма, жоқ па, маған шынымен бәрібір, — деді ол.
ФИФА президенті Джанни Инфантино сейсенбі күні Трамппен «турнирге дайындық барысын талқылау үшін» кездесті және Иранға АҚШ-қа баруға рұқсат берілетініне кепілдік алды.
— Кездесу барысында президент Трамп Иран құрамасы АҚШ-тағы турнирге міндетті түрде қатыса алатынын тағы бір мәрте атап өтті, — деді Инфантино.
Осыған дейін Ирандағы әуе соққыларынан кейін Тегеранда «қара жаңбыр» жауып, ауа ластанғанын жазған болатынбыз.