Иран мен АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі келіссөздер барысында қатаң мәлімдемелер жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның ядролық бағдарламасы бойынша диалогты қалпына келтіру перспективалары халықаралық аренада қайтадан қызу дипломатиялық пікірталас тақырыбына айналды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің сейсенбі күні өткен отырысы барысында Құрама Штаттар мен Иран өкілдері ядролық келісім бойынша келіссөзге қайта оралу шарттары туралы өткір мәлімдемелер жасады.
Америка тарапы тікелей келіссөзге дайын екенін мәлімдеді, ол үшін Тегеран өз аумағында уран байытудан бас тартуы керек. Иран делегациясы бұны өз құқықтарын бұзу деп атады.
АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы елшісінің орынбасары Морган Ортагус Вашингтонның ресми диалогқа тек тікелей және мазмұнды келіссөз болған жағдайда ғана ашық екенін атап өтті.
- Құрама Штаттар Иранмен ресми келіссөзге дайын, бірақ Тегеран тікелей және мазмұнды диалогқа дайын болған жағдайда ғана. Бұл ретте біз қарсы тараптан не күтетінімізді анық білдірдік, яғни, ең алдымен, Иран аумағында уран байытуға болмайды, - деп мәлімдеді ол.
Бұған жауап ретінде Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Әмір Саид Иравани АҚШ-ты әділ келіссөз процесінен бас тартты деп айыптады. Ол кездесуде АҚШ уранды нөлдік байыту саясатын талап ету арқылы адал келіссөз жүргізбей отырғанын мәлімдеді.
- Біз кез келген әділ және мазмұнды келіссөзді құптаймыз, бірақ нөлдік байыту саясатын талап ету Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың қатысушысы ретіндегі біздің құқықтарымызға қайшы келеді және адал диалог жүргізгісі келмейтінін көрсетеді, - деп атап өтті дипломат, Иран қысым мен қорқытуға бой алдырғысы келмейтінін қосып өтіп.
Хабарланғандай, маусым айында Иран мен Израиль арасындағы 12 күндік соғысқа дейін екі тарап ядролық консультациялардың бес раундын өткізді. Кейіннен келіссөз процесі тоқтатылды.
Қыркүйек айының соңында Ұлыбритания, Франция және Германия бастаған «снэпбэк» механизмі аясында Иранға қарсы бірқатар санкция мен эмбарго қайта қалпына келтірілді, бұл Ресей мен Қытай қарсылығын тудырды.
Иран өз кезегінде ядролық қару жасау ниетін жоққа шығарып, бағдарламасының бейбітшілік сипаты туралы мәлімдейді.
Еске сала кетсек, Иран санкцияларды қайтару тетігі іске қосылған жағдайда «қатаң жауап» қайтаруға уәде етті.