Иран мен АҚШ Оман елінде ядролық келіссөздерді қайта бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Тегеран санкциялардың жеңілдетілуін және бейбіт ядролық энергияны пайдалану құқығын алуға ұмтылып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Иран мен АҚШ Оман елінде ядролық келіссөздерді қайта бастады
Фото: IRNA

Иран мен АҚШ-тың басты келіссөз жүргізушілері Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келіспеушіліктерді талқылауды қайта бастады, деп хабарлайды Иранның IRNA агенттігі. Кездесу АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығысқа сапары қарсаңында Вашингтон ұстанымының қатаңдауы аясында өтіп жатыр.

Екі тарап та дипломатиялық жолды қолдайтынын мәлімдегенімен, Тегеран мен Вашингтон арасында жаңа ядролық келісімге қол жеткізу және әскери қақтығыстың алдын алу үшін шешілуі тиіс маңызды мәселелер бойынша терең қарама-қайшылықтар сақталып отыр.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи мен Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф Маскат қаласында, Оманның арағайындығымен, келіссөздердің төртінші кезеңін өткізіп жатыр. Бұл келіссөздер АҚШ тарапынан айтылған қатаң мәлімдемелерге қарамастан өтіп отыр. Тегеран мұндай риториканы прогреске кедергі ретінде қабылдайды.

Иран санкциялардың жеңілдетілуіне және бейбіт ядролық энергияны дамыту құқығының мойындалуына ұмтылатынын мәлімдеді.

— Делегация иран халқының мүдделерін қорғауға және бейбіт атом саласындағы жетістіктерімізді сақтай отырып, санкциялардың жойылуына қол жеткізуге бар күшін салады, — деді Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Бакаи.

Кездесу алдында Аракчи Иранның уран байыту құқығы «талқылауға жатпайтынын» атап өтті.

— Иранның нақты ұстанымы бар, ол айқын қағидаларға негізделген… Біз жексенбі күні өтетін кездесуде белгілі бір келісімге келеміз деп үміттенеміз, — деді ол Иран теледидарына берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол келіссөздер шешуші кезеңге жетеді деп үміт білдірді:

— Бүгін таңертең Тегеранда қосымша кеңестер өткіздік, және осы раундта маңызды нәтижеге қол жеткіземіз деп сенеміз.

Оман арағайындығымен өтіп жатқан келіссөздер бір ай бұрын басталған алдыңғы раундтардың жалғасы болып табылады. Тараптар біртіндеп ілгерілеушілік бар екенін хабарлағанымен, уран байыту құқығына қатысты басты қайшылықтар сақталып отыр. Тегеран бұл құқықты талқылауға келмейтін мәселе деп санаса, Вашингтон оны «қызыл сызық» деп атауда.

Бұған дейін Маскат пен Рим қалаларында үш келіссөз раунды өткен: алғашқысы — 12 сәуірде Маскатта, екіншісі — 19 сәуірде Римде, үшіншісі — 26 сәуірде қайтадан Маскатта.

3 мамырға жоспарланған келесі кездесу «логистикалық себептерге» байланысты кейінге шегерілді, деп 1 мамырда хабарлады Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди.

Айта кетелік Иран мен АҚШ арасындағы диалогтің келесі раунды Оманда 11 мамырда өтетіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар