Иран мен АҚШ Омандағы келіссөзін аяқтады
АСТАНА.KAZINFORM - Тараптардың байланысы сенімсіздік пен жоғары өңірлік шиеленіс жағдайында жалғасты, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ирандық БАҚ Оман қаласында өткен Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің кезекті раунды аяқталғанын хабарлады. IRNA агенттігінің мәліметі бойынша, тараптар келіссөз процесін жалғастыру қажеттілігі туралы түсінікке қол жеткізді. Содан кейін делегациялар кеңес өткізу үшін өз елінің астанасына оралады.
Келіссөз бірнеше сағатқа созылды және Оман Сыртқы істер министрі Бадр Аль-Бусаидидің делдалдығымен жанама форматта өтті. Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, ал америкалық тарапты АҚШ Президентінің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф басқарды. Келіссөзге АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнер де қатысты.
- Бұл келіссөз жақсы бастама болды. Талқылаулар тек ядролық сипатта болды, - деді Аббас Арагчи.
Ол тараптар одан әрі кеңес өткізу үшін өз астаналарына оралатынын айтты.
Muscat talks were a “good start”: Foreign Minister @araghchi https://t.co/9oJcvUCXiW pic.twitter.com/LYLfGLVDU6
— IRNA News Agency (@IrnaEnglish) February 6, 2026
Ол сондай-ақ Тегеран мен Вашингтон арасында сенімсіздік ахуалы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, диалогты ілгерілету үшін мұны еңсеру керек. IRNA ақпараты бойынша, келіссөз барысында аймақтық қауіпсіздік, зымыран бағдарламасы және басқа тақырыптар талқыланбаған.
Оман СІМ басшысы Бадр аль-Бусаиди келіссөз екі жақтың да ұстанымын нақтылауға және одан әрі ілгерілеудің ықтимал бағыттарын анықтауға мүмкіндік бергенін хабарлады. Ол консультацияның келесі кезеңі алдағы күндері болуы мүмкін екенін атап өтті.
Бұл келіссөз өткен жылғы шиеленістен бері осындай деңгейдегі алғашқы тікелей дипломатиялық байланыс болып отыр. Израиль мен Иран арасындағы 12 күндік қақтығыс кезінде АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасаған еді. Келіссөз әскери шиеленістің қаупі мен Вашингтон мен Тегеранның қатаң мәлімдемесі аясында өтіп жатыр.
Very serious talks mediating between Iran and the US in Muscat today.
— Badr Albusaidi - بدر البوسعيدي (@badralbusaidi) February 6, 2026
It was useful to clarify both Iranian and American thinking and identify areas for possible progress. We aim to reconvene in due course, with the results to be considered carefully in Tehran and Washington. pic.twitter.com/OWctzf2CXA
Бұған дейін Оман астанасы Маскатта АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы жанама келіссөздер басталғанын жазған едік.