Иран мен Қазақстан арасындағы экономикалық саладағы ынтымақтастықтың кез келген бағытын кеңейтуге болады - ИИР Елшісі - Горбан Сейфи

АСТАНА. 13 ақпан. ҚазАқпарат - Иран Ислам Республикасының халқы 11 ақпанда Ислам төңкерісі жеңісінің 34 жылдығын мерекеледі. Осы айтуды күнге орай Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Горбан Сейфи біздің тілшімізбен әңгімесінде ИИР төңкерісінің жеңісі күнінен бергі өткен кезеңдегі жетістіктері және Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту келешегі туралы өз пікірімен бөлісті.
None
None

- Елші мырза, алдымен мерейлі мереке - Иран Ислам Республикасы төңкерісінің 34 жылдығымен құттықтауға рұқсат етіңіз және Ислам төңкерісі Сіздің елдің дамуында қандай рөл атқарғаны туралы айтып берсеңіз. Төңкерістен кейінгі жылдардағы Иранның басты жетістіктері не деп санайсыз?

- Біздің Ислам төңкерісіміздің маңызды жетістіктерінің бірі - тәуелсіздік пен бостандық. Бүгінгі таңда біз өз еліміздің, өз халқымыздықң мүдесі үшін ғана шешімдер қабылдаймыз. Жыл сайын бізде сайлаулар өткізіледі.

Еліміз дамуының маңызды негізі кадрлар даярлау болып табылады. Бүгінгі күні бізде 4 миллионнан астам студент университеттерде оқытылуда, ал Ислам төңкерісіне дейін Иранда небәрі 160-170 мыңға жуық студент білім алатын. Яғни, төңкерістен кейін бұл сан 25 еседен астамға көбейді. Қазір осының арқасында біздің ғалымдарымыз, олардың көпшілігі жас адамдар, ғылымның әртүрлі салаларында - ғарыш саласында, ядролық технологияларда, нанотехнологияларда және басқаларында үлкен табысқа және ілгерілеушілікке қол жеткізді. Соған сәйкес өнеркәсіп ойдағыдай дамып отыр. Мәселен, төңкеріске дейін Иранда жылына бір миллион тоннаға дейін құрыш балқытылған болса, қазірде өндіріс көлемі жылына 20 миллион тоннаға жетті. Яғни, 20 есе ұлғайып отыр деген сөз. Төңкеріске дейінгі цемент өндіру көлемі жылына 7 миллион тонна болса, қазір жылына 80 миллион тоннаны құрап отыр. Өндірістің барлық салаларында дерлік оның көлемі 10-20 есеге ұлғайды.

Тағы да қайталап айтайын, төңкерістің ең маңызды жетістігі - тәуелсіздік пен бостандық деп айтар едім. Тәуелсіздік пен бостандықтың арқасында осынша табысқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болдық.

- Иранның ұзақмерзімді жоспарларында Қазақстанға және Орталық Азиядағы көршілес елдерге қандай орын беріліп отыр?

- Сыртқы саясаттың басты бағыттарын белгілейтін өлшемдер мен бағалаулар негізінде осы барлық бағыттарда Қазақстанға айрықша орын беріліп отырғанын айтуға тиіспін. Мәселен, біздің Конституциямызда көрсетілген басымдықтардың бірі - ислам елдерімен қатынастарды жолға қою. Қазақстан халқының көпшілігі мұсылман халқы, яғин, ислам елі. Тағы бір басымдық - көршілес елдермен қатынастарды жолға қою, Қазақстан да біздің көршіміз. Біздің елдеріміз презимденттерінің саяси еркі, ниеттері әріптестік қатынастарды кеңейтіп, дамытуға бағытталып отырғанын атап өткен жөн.

- Сіздің пікіріңізше, Қазақстан мен Иран арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықтар қандай бағыттарда дамуы тиіс?

- Ең алдымен, елдеріміз арасындағы ықпалдастықты дамыту үшін көптеген бағыттар мен мүмкіндіктер барын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1,2 миллиард долларды құрайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болды. Елдеріміз арасындағы тауар айналымын бір дегенде 5 миллиард долларға жеткізуге болады, ал кейінде оны 10 миллиард долларға дейін арттыруға әлеуетіміз бар. Мысалға, ықпалдастығымызды ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әсіресе тамақ өнеркәсібі салаларында әлдеқайда кеңейте аламыз. Көлік-транзиттік салада ықпалдастығымызды кеңейтуге мүмкіндік бар. Қазір Түркіменстан арқылы Қазақстаннан Иранға баратын темір жолдың құрылысы бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Алдағы таяу айларда бұл жоба аяқталатын болады. Негізінен, экономикалық салада ықпалдастықтың кез келген бағытын біз кеңейте аламыз.

Сондай-ақ мәдениет саласындағы ықпадастықты дамытуға мүмкіндіктер бар, себебі, елдеріміз арасында бұл салада ортақ дүниелер көп.

- Бүгінде Қазақстанның Иранға экспортының басым денін қандай тауарлар құрайды және Ираннан Қазақстанға не импортталады?

- Қазақстаннан біздің елге, негізінен, астық және одан дайындалған өнімдер, сондай-ақ болат жеткізіледі. Ираннан азық-түлік тауарлары, құрылыс материалдары - керамика, кафель, пластмассадан жасалған түрлі бұйымдар импортталады. Атап өткенімдей, ауыл шаруашылығы саласында ықпалдастығымызды анағұрлым кеңейте аламыз. Мәселен, Иранда жоғары сапалы алма, гүлдердің алуан түрі, көкөніс өсіріледі. Егер мұндай өнімдерді сақтау мәселесі туындаса, біздің компаниялар сақтау қоймаларын салуды инвестициялай алады.

- Қазіргі уақытта ирандық компаниялар Қазақстанның қандай салаларында жұмыс істеуде?

- Қазір біздің компаниялар негізінен инженерлік-техникалық сипаттағы жобаларға қатысуда - құрылыс, соның ішінде жол құрылысы бар. Сондай-ақ Қарағандыда мыс құбырларды шығару зауыты бар. Құс шаруашылығында бірнеше жоба, сондай-ақ телекоммуникалық бір жоба бар.

Ағымдағы жылдың күзінде Теһранда Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ықпалдастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 13-інші отырысын өткізу жоспарланып отырғанын білесіздер. Бұл отырыс елдеріміз арасындағы әріптестік қарым-қатынастарды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге жаңа серпін береді деп сенемін.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар