Иран мен Тәжікстан стратегиялық әріптестікті тереңдетуге келісті
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ресми сапармен Тәжікстанға барып, Президент Эмомали Рахмонмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделілік білдірді. Аракчи Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Әли Хаменеи мен Президент Масуд Пезешкианның сәлемін жеткізді.
— Иран Ислам Республикасы тіл, тарих және мәдениет ортақтығын екіжақты қарым-қатынасты барлық салада – дипломатиядан бастап білім беру мен саудаға дейін – дамыту үшін пайдалануға ниетті, — деді Аракчи.
Эмомали Рахмон Душанбе мен Тегеран арасындағы байланыстарды ерекше деп атап, экономикалық және гуманитарлық бастамаларды ілгерілетудің маңызын айтты.
Өзара мүдделі салалар мен өңірлік күн тәртібі
Тараптар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, халықаралық тасымал, ғылым және технология салаларындағы серіктестікті басым бағыттар ретінде атады.
Бұған қоса, жоғары деңгейдегі бұрынғы келісімдер аясындағы сауда-экономикалық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

Кездесу аясында Орталық Азия, Ауғанстан, Кавказ және Таяу Шығыстағы жағдай бойынша пікір алмасылды.
Сапар шеңберінде Иран мен Тәжікстан сыртқы істер министрлері төрағалығымен екі ел делегацияларының келіссөздері өтті.
Теміржол қатынасы кеңейеді
Сапар барысында Иранның Тәжікстан және Түрікменстанмен тұрақты теміржол қатынасын іске қосуға дайындалып жатқаны белгілі болды.
Иранның Ұлттық теміржол компаниясы (RAJA) бас директоры Жаббар Әли Закеридің мәліметінше, Тегеран – Душанбе және Тегеран – Мерв бағыттары өңірлік логистиканы дамыту және көрші елдермен сауда қатынасын тереңдету мақсатында жүзеге асырылады.
— Бұл бастамалар жүк және жолаушылар тасымалына, сондай-ақ туризмге жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді ол.
Бұдан бөлек, алдағы айларда Тегеран – Анкара және Тегеран – Герат (Ауғанстан) бағыттарындағы пойыздар іске қосылады. 2025 жылы Иран Қытаймен келісім аясында 300 жаңа жолаушылар вагонын қабылдайды.